«Боко Харам» 50 баланы жанкештіге айналдырған (видео)
«Боко Харам» 50 баланы жанкештіге айналдырған (видео)
8 жыл бұрын 2399 24.kz eadaily.com

«Боко Харам» тобы жарты жыл ішінде 50 баланы жанкештіге айналдырған. Бұл үрейлі мәліметті Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері жария етті. Олардың айтуынша, содырлар балаларды Африкадағы 4 елде шабуыл жасауға мәжбүрлеген. Атышулы ұйымның кесірінен өңірдегі 9 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж. Олардың 7 миллионы – нигериялықтар. Мұнда бұған дейін «Боко Харам» уысында болған Борно штатында 250 мың бала ашқұрсақ жүр. Халықаралық ұйым өкілдерінің айтуынша, экстремистермен тиімді күрес жүргізуге қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр. Айта кеткен жөн, «Боко Харам» мүшелері негізінен Нигерияда әрекет етеді. Дегенмен, содырлар көршілес Нигер, Чад және Камерун елдеріне де шабуыл жасаудан тайынар емес. Джеффри Фелтман, БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары: - «Боко Харам» шабуылдары аймақтың экономикасына кесірін тигізбей қоймады. Ол аздай, мұнай бағасының құлдырауы да жығылғанға жұдырық болып отыр. Салдарынан мемлекеттік қызметкерлер мен қауіпсіздік күштерінің жалақысы уақтылы төленбей келеді. Аймақта жағдайдың ушығуынан Нигерия мен Чад арасындағы тауарлар тасымалы тежеліп, оның ақыры бағаның шарықтауына әкеліп соқтырды. Жастар арасында жұмыссыздар армиясының қарасы қалыңдай түсті. «Боко Харам» содырлары бұл жағдайды өз қатарына көбірек адам тарту үшін пайдаланып отыр.

 

0 пікір
Мұрағат