Блогер, киберспортшы – ресми мамандық ретінде танылды
|
Қытай билігі ресми мамандықтар қатарын толықтырды. Ендігі жерде интернет дүкен қожайыны, блогер және киберспортшы жұмыс ретінде жіктелетін болады. Бұл жайында аталған елдің білім беру министрлігі мәлім етті. Қытай билігі мұндай қадамға тәжді тажал пандемиясына байланысты жұмыссыздықтың белең алуына байланысты барды. Қытай ұлттық бюро статистикасы келтірген дерекке қарағанда, мұндай мамандық иелері аптасына кем дегенде бір сағат жұмыс істеуі тиіс. Жалақы алуы үшін. Қытай білім беру министрлігі елдегі жоғарғы оқу орындарына және колледждерге жұмыспен қамту туралы мәліметті жинау барысында бұл ережені есте ұстауға, ескеруге шақырды әрі жұмысқа орналасу жөніндегі статистикалық мағлұматты қайта қарастыруды талап етуде. Ресми түрде мамандық иесі ретінде танылған блогерлер мен киберспортшыларды, т.б. да есепке алу үшін. Қытайда биыл жазда 8,74 млн түлек оқу ордасын бітіріп шығады. Бұл онсыз да жұқпалы індеттің кесірінен етек алған жұмыссыздық проблемасын одан ары шиеленістіреді.