«Біз өлсек те моңғолмыз!»
«Біз өлсек те моңғолмыз!»
4 жыл бұрын 10402

Қытайдағы Ішкі Моңғол автономиялы регионында үкіметтің жаңа саясатына қарсы наразылық шаралары өтуде. Бұл моңғол автономиялы аймағындағы күтпеген әрі сирек жағдай. Құқық қорғау ұйымдарының мәліметтеріне қарағанда, мыңдаған моңғол азаматтары үкіметтің тіл туралы жаңа саясатына наразылық білдіріп мектептердің алдында жиналған. Өткен аптаның соңында басталған наразылыққа осы жазда жолға қойылған автономиялы региондағы білім берудегі жаңа саясат себеп болған. Білім берудің жаңа саясаты бойынша Ішкі Моңғол автономиясындағы орта-бастауыш мектептердегі оқыту тілін моңғол тілінен біртіндеп қытай тіліне ауыстыру көзделген. Бұл жайында qazaqtimes.com ақпарат көзінің тілшісі Естай Босжан мәлім етті. 

Аймақтағы моңғолдар Бейжіңнің тұрақты әрі жүйелі жүргізген ұлтсыздандыру саясатының ең айқын көрінісі деуге болады. Олар қазірге дейін сақталып тұрған өз ана тілін ұлттық бірегейлігінің соңғы жұрнағы санайды. Сондықтан да үкіметтің бұл саясатын «шектен шығу» деп есептеген. Бір сөзбен айтқанда, олар моңғол тілінің біртіндеп жойылып кетуінен алаңдайды.

Ішкі Моңғол Автономиялы Регионы. Фото: China Discovery7

Әлеуметтік медиа платформаларында тарап жатқан мәліметтерден моңғол ата-аналар мен оқушылардың мектеп алдына жиналып, бейбіт наразылық танытқанын көруге болады. Олар наразылығын моңғол тілінде ән айтып, ұрандау арқылы білдіруде. Кейбір бейне жазбаларда мектеп оқулықтарында моңғол тілінің жоқ екеніне наразы ата-аналарды да көруге болады. Әлеуметтік желіде жұртты тебіренткені «Моңғол тілі – біздің ана тіліміз! Біз өлсек те – моңғолмыз!» деп ұрандаған топты адамның «жан айқайы» болды. Ал, бұндай жазбалар қытайлық әлеуметтік желіден жоғалып кетті. Бұл Қытайдағы интернет цензурасының қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді.

Бұрын ІМАР Білім басқармасы ата-аналардың наразылығын сейілту мақсатында мәлімдеме жасаған. Мәлімдемеде моңғол және корей тілдері (аймақтағы аз санды ұлт тілдері) қолданылатын оқу құралдарының өзгеріссіз қалатынын жеткізді. Оған қоса «Қолданыстағы қос тілде білім беру» жүйесінің өзгермегенін де айтты. Бұған қармастан, өңірдегі көптеген моңғол ата-аналар жаңа оқыту саясатына наразылық білдіріп, балаларын мектепке жібермеуге шешім қабылдаған. Жергілікті шенеуніктер ата-аналарға қоңырау шалып, балаларын мектепке жіберуге үгіттеп жатқаны туралы да мәліметтер бар.

Ұзақ жылдан бері коммунистік Қытай билігі ел ішіндегі аз санды ұлттар қоныстанған аймақта ұлтсыздандыру саясатын баяу жүргізіп отырды. Тілдерді дамыту, салт-дәстүрді қорғау туралы бағдарламалар да болған. Алайда, Қытай билігіне Ши Жинпиң келгеннен бері Қытайдағы барлық ұлтты ел халқының 91 пайызынан астамын иелейтін хан ұлтының мәдениетіне толықтай біріктіру үрдісі қарқынды әрі күштеп жүргізіліп келеді.

Шынжаң жағдайы. Фото: VOA.

Аз санды ұлттардың тіліндегі білім беру мен информация алмасуға деген еркіндік Шыңжаң жерінде әлде қашан шектелген. Жергілікті қазақ, ұйғыр тілдеріндегі газет-журналдардың шығуы біртіндеп азайтылып, қазақ тілінде білім беру толықтай жойылған. Алайда, өңірдегі жергілікті халық бірнеше жыл жалғасқан күшті цензура, қатаң бақылаудың, басып-жаншудың нәтижесінде үкіметтің бұл шешіміне наразылық білдіруге де шамасы келмеген еді. 

Тибет пен Шынжаң жеріндегі Қытай саясаты енді Ішкі Моңғол автономиясында қайталануы мүмкін 

Қытай үкіметі мен ҚКП-ның жоғары лауазымды өкілі Ішкі Моңғол автономиялы регионына жасаған сапары кезінде, шекара өңірлерінің тұтастығы, ұлттар ынтымағы, қоғам орнықтылығы тақырыптарында баяндама жасап,  Ши Жинпиңнің «Жаңа дәуірдегі қытайлық үлгідегі социализм» идеясын насихаттаған. Бұл туралы «Шинхуа» ақпараттық агенттігі хабарлады.

ҚКП Орталық комитеті, орталық саяси және құқықтық комитеттің хатшысы Го Шыңкун(Guo shengkun)  бұдан бір апта бұрын Ішкі Моңғол автономиялы регионына іс-сапармен барған. Ол сапары кезінде «шекара өңірдің тұтастығы мен орнықтылығына кепілдік ету және ұлттар ынтымағын сақтау» мәселелерін көбірек сөз еткен.

Го Шыңкун Ішкі Монгол автономиясының Улаанхот қаласына қауіпсіздік күштерімен кездесу өткізген. Ол сөзінде: «Біз орнықтылыққа қауіп төндіретін әрекеттерді түбіріне дейін жойғанда ғана Қытай коммунистік партиясының мақсаттарын орындай аламыз», – деп атап өткен.

Қытай үкіметі мен жетекші партияның лауазымды тұлғасы автономиялы аймақтағы бұл сапары мен ондағы сөздерінен Тибет пен Шынжаң жерінде жүргізілген саясаттың алдағы уақытта Ішкі Моңғол автономиясында жалғасуы мүмкін екенін аңғаруға болады.

Естеріңізде болса, осыдан бұрын Қытай орталық қаласындағы АҚШ елшілігі маңында жарылыс болған еді. Ресми ақпарат көздерінің хабарында, жарылыс жасаушы 26 жастағы Ішкі Моңғол автономиясының азаматы деп көрсеткен болатын. 

0 пікір
Мұрағат