Биылғы «жасыл» құтпаның тақырыбы – «Су – баға жетпес қасиетті сый»
|
Исі мұсылман осы жұмада, яғни, сәуірдің 24-де өтетін «Жасыл құтпа» (Green Khutbah Campaign) науқаны аясында әлемнің әр түкпіріндегі мешіт мінберінен жылдан жылға қордаланып, кері кетіп бара жатқан экологиялық мәселелер жайында уағыз тыңдайды. Нақтырақ айтқанда, әр жылдың көктем мезігілінде аталып өтетін осынау шара кезінде мұсылмандар жамағаты қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аяулау секілді өзекті мәселелер төңірегінде асыл дінімізбен астасқан уағыздан ой түйіп қайтатын болады. Биылғы құтпаның тақырыбы: «Су – баға жетпес қасиетті сый». «Жасыл құтпа» науқаны ең алғаш рет Канадада 2012 жылы қолға алынған болатын. Мақсаты, аты айтып тұрғандай, әлемнің әр түкпіріндегі исі мұсылман үмбетін күрделі түйінге айналған экологиялық мәселелерге немқұрайды қарамауға үндеу. Сөз реті келгенде айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне қарағанда, әлемде шамамен 750 млн адам ауыз су тапшылығын тартып, зардап шегуде. Жер бетінде әр минут сайын осы таза судың жетіспеушілігінен бір бала көктей солады екен. 1,2 млрд адам, яғни, адамзаттың бестен бір бөлігі су тапшылығы орын алған аймақтарда өмір сүреді.