Биыл Сауд Арабиясында 200-ге жуық адам өлім жазасына кесілген
Биыл Сауд Арабиясында 200-ге жуық адам өлім жазасына кесілген
2 ай бұрын 501 kaz.inform.kz Жарасқан Нұрыбаев

KAZINFORM – Сауд Арабиясында биыл соңғы үш онжылдықта ең көп адам өлім жазасына кесілді. 28 қыркүйекте тағы үш өлім жазасын қоса алғанда, 2024 жылы корольдіктегі өлім жазасына кесілгендердің жалпы саны 198-ге жетті, деп жазады DW медиакомпаниясы AFP-ға сілтеме жасап.

Өткен жылы Сауд Арабиясында 170 адам өлім жазасына кесілген болса, 2022 жылы 196 адамға осындай жаза белгіленген.

Ел өлім жазасына кесілгендердің көптігі үшін сынға ұшырады. Reprieve, адам құқығын қорғау ұйымының өкілі қайғылы рекорд туралы хабарламаға реакция білдіріп, Сауд Арабиясы басшылығы жариялаған модернизация бағыты бос сөз екенін, өйткені уәделер орындалмай жатқанын айтқан.

Ресми статистикаға сәйкес, биыл Сауд Арабиясында 32 адам лаңкестікке, тағы 52 адам есірткіге қатысты айыппен өлім жазасына кесілген.

Сауд Арабиясының ресми өкілдерінің айтуынша, өлім жазасы «қоғамдық тәртіпті сақтауға» қызмет етеді және сотталушы барлық заңды мүмкіндіктерін таусылғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта Сауд Арабиясында өлім жазасына кесілгендердің саны елдің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның сөзіне қайшы келіп отыр. 2022 жылы The Atlantic журналына берген сұхбатында ханзада өз елінде өлім жазасы қазір тек кісі өлтіру немесе көптеген адамдардың өміріне қауіп төндіру үшін ғана қолданылатынын айтқан.

0 пікір
Мұрағат