Биыл қанша адамның қажылығын өтеуге рұқсат берілетіні айтылды
|
Саудия билігі жылына 1 млн адамға дейін қажылық парызын орындауға рұқсат етіп отыр. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Саудияның қажылық және ұмра істері жөніндегі министрлігіне жөн сілтеген Saudi Press Agency ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қажылық рұқсат етілген осы 1 млн адамның құрамына жергілікті халық та, шетелдік азаматтар да кіреді. Десе де, мынадай талаптары бар: қажылардың жасы 65-тен жоғары болмауы тиіс әрі ковид жұқпалы індетіне қарсы толық екпе алған адам болуы тиіс. Саудия аумағына кіргенде қажылыққа келгендер ПЦР-тест бойынша теріс нәтижесін көрсетуі керек. Осы орайда эпидемиологиялық жағдайы сын көтермейтін, яғни, жұқпалы індет өршіп тұрған елдердің азаматтарына қажылықты шектеуі мүмкін екенін айта кетпекпіз.