Биыл аштан өлгендердің саны белгілі болды
|
Біріккен Ұлттар Ұйымы 2020 жылы әлем бойынша аштан бақилық болғандардың есебін жүргізді. Бұл жайында islam.kz порталы Reuters ақпарат ресурсына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. БҰҰ-ға қарасты Бүкіл әлемдік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры Дэвид Бизлидің келтірген дерегіне қарағанда, биыл кем дегенде жеті миллион адам аштан өлген. Осылай деген ол аштықпен күреске, дәлірегі, аштан өлушілердің қарасын азайту мақсатында жарты жыл ішінде 6,8 млрд доллар қаражат жинап үлгеру керектігін алға тартты. Шілде айындағы мағлұматта айтылғандай, COVID-19 пандемиясына байланысты әлемнің әр түкпіріндегі алыс-беріс пен барыс-келіске шектеу шаралары енгізілгендіктен әлеуметтік және экономикалық жағдайы сын көтермейтін кей елдерге азық-түлік пен дәрі-дәрмек дер кезінде жеткізілмей, жағдайды одан ары ушықтырып жіберген. Жаппай аштықтан көктей солатын балалардың қарасы күніне 10 мыңға жеткен.