Бір жыныстылар некесін мойындаған ел шариғи некені мойындамайтынын мәлімдеді
Бір жыныстылар некесін мойындаған ел шариғи некені мойындамайтынын мәлімдеді
5 жыл бұрын 2205 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Оңтүстік Африка мұсылмандары ішкі істер министрі Аарон Мотсоаледидің шариғат негізінде қиылған некені заңсыздыққа балап, ресми түрде мойындаудан бас тартатынына наразылық білдіруде. Осыған байланысты шариғи талаптарға сай қиылған неке бойынша ерлі-зайыптылар кейін мұра бөлісу, т.б. даулы мәселелерде өздерінің некелескен жұп екенін сотта дәлелдей алмайды. 1994 жылы Оңтүстік Африканың ұлттық конгресі бекіткен ережеге сәйкес аталған ел тұрғындары үшін жергілікті дәстүр бойынша қиылған некенің ғана заңдық күші бар. Ал діни ғұрыптар бойынша, соның ішінде шариғат талаптарына сай қиылған неке заңсыз саналады. Осыған байланысты жергілікті мұсылмандар жамағатының жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын «әл-Жама» партиясының жетекшісі Ганифа Хендрикс ел билігінен шариғи некені мойындауды талап етуде. Оңтүстік Африкада, тіпті, бір жыныстылардың некесі мойындалған елде шариғи тұрғыдан некелескен ерлі-зайыптылардың ғана емес, сонымен қатар, олардан туған балалардың да құқығы ескерілмейді. Аталған ел мұсылмандарының жетекшілерімен қатар Оңтүстік Африкадағы әйелдердің құқықтық орталығы да шариғи некені заңдастыру үшін күресіп жүр. Бұл арада көп әйел алушылық турасында болып отырған жоқ. Керек десеңіз, оны жергілікті мұсылмандар талап етіп отырған да жоқ. Оңтүстік Африка республикасының билігі неке туралы заң жобасын әзірлеп жатқанын жариялады. Келесі жылдың наурыз айында аталмыш заң жобасы дайын болатынын жеткізді.

0 пікір
Мұрағат