Бір ғана елдің өзінде үш жарым жыл ішінде 1,34 млн адам коррупция бойынша жазаланған
|
Қытайда соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықпен және парақорлықпен ымырасыз күрес жүріп жатыр. Тарқатып айтқанда, 2013 жылдан бері шамамен коррупцияға шатылған 1,34 млн мемлекеттік қызметкер жауапкершілікке тартылып, жазасын алған екен. Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин билік тізгінін ұстаған бетте "шортандар мен майшабақтар" деп аталатын стратегияға басымдық беріп, коррупцияға қарсы науқанды бастаған болатын. Аталмыш науқан елдегі сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың тамырына балта шаба алды ма, әлде нәтижесіз болды ма, ол жағы бізге беймәлім, десе де аталған науқан аясында осынша адамның коррупция бойынша айыпталып, жауапкершілікке тартылғаны бұл елде жемқорлармен және парақорлармен күрестің аяусыз жүріп жатқанынан хабар береді. Нақты санмен өрнектесе, коррупция бойынша ауылдық елді-мекендерден 648 мың адам тұтқындалған екен. Бұлар майшабақтар. Ал шортандарына келсек, тамыз айында қаржы министрлігінің коррупцияға қарсы комитетінің жетекшісі Мо Цзяньчэнның үстінен қылмыстық іс қозғап, тергеу-тексеру амалдарын бастады. Жоғары лауазымды тұлғалар арасында коррупция бойынша айып тағылғандардың қарасы көбейіп келеді.