Бір ғана елде жасы 100-ден асқан қарттар қарасы 86 мыңнан асып кетті
|
Жапониядағы жасы 100-ден асқан қарттар қарасы қыркүйек айының 15-і күні 86 510 адамға жетті. Осылайша күншығыс елі қатарынан 51 жыл бойы ұзақ жасаудан рекорд орнатумен келеді. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде күншығыс елінің денсаулық сақтау, еңбек және қамсыздандыру министрлігі келтірген дерекке жөн сілтеген nippon.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш министрлік бұл мәліметті тұрғындар реестріндегі деректер базасынан алған. Осылайша күншығыс елінде өткен жылғы жасы 100-ден асқан қарттар қатарына биыл 6060 адам қосылған. Бұл мәлімет Жапонияда қыркүйек айының 20-ы күні жыл сайын аталып өтетін қарттарға құрмет көрсету ұлттық мерекесі қарсаңында жарияланып отыр. Мұның ішінде жасы 100-ден асқан әйелдер саны 76 450 адамды құрап отыр, яғни, жасы 100-ден асқан қарттар қарасының 90%ға жуығын құрайды. Бұл тараптағы статистика 1963 жылдан бері жүргізіліп келеді. Алғашқы жылы (1963 ж.) елдегі жасы 100-ден асқан қарттар қарасы бар-ожоғы 153 адам болған еді. Бұл көрсеткіш 1981 жылы 1000-нан асты. 1998 жылы 10 мыңға етті, 2012 жылы 50 мыңды құрады. Күншығыс еліндегі қарттардың ұзақ жасауына ең алдымен қарттарға деген мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық пен ел тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануы өз септігін тигізіп отыр.