БАЛЛИСТИКАЛЫҚ ЗЫМЫРАН ИРАННЫҢ БАҒЫ МА, СОРЫ МА?
БАЛЛИСТИКАЛЫҚ ЗЫМЫРАН ИРАННЫҢ БАҒЫ МА, СОРЫ МА?
8 жыл бұрын 3641 aikyn.kz Айнұр Қазыкенова

АҚШ  пен  Иран  арасы  тағы бүлінді. Неге? Даудың басы  Иранның баллистикалық  зымыранды сынауы еді. Сол-ақ екен, АҚШ  билігі дүрлігіп  қалды. Конгресс  депутаты Элси Хастингс Иранға  қарсы  күш  көрсету туралы қарар  қабылдауды депутаттардан талап етті. Оның  айтуынша, «Теһранды  сабасына  түсіретін  бір-ақ жол  бар.  Ол – әскери күш  көрсету. Осы  арқылы  ғана  біз Иранның   ядролық   қару  жасауына  тосқауыл  бола аламыз». Демек, Ақ үйге табан тіреген жаңа билік алдағы уақытта Иранмен арадағы  қарым-қатынасты  қайта қарайтыны анық. 

Иран баллистикалық  зымыранды сынақтан өткізе салысымен  АҚШ президенті Дональд  Трамп  жаңа   санкцияға  қол  қойды. Барак Обама  кезінде екі ел  арасында  орнаған  «жылымық»  енді болмайтын  тәрізді. Бір  айта кететін  жайт, өткен аптада Иран екі  мәрте сынақ  жасады.  Иранның  Сыртқы істер  министрі  Мохаммад Жавад Зариф «Зымырандық  сынақ алты елмен (АҚШ,  Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай  және  Германия)   болған  келіссөз барысында  қол  жеткізген құжатқа қарама-қайшы  емес. Зымырандар  ядролық оқтұмсық алып  ұшуға  дәрменсіз. Демек, бұл  ядролық  бағдарламадан  тыс. Қарапайым  ғана  соғыс  құралы. Бұл БҰҰ-ның 2231 қарарына   кереғар емес» деп  мәлімдеме  жасады. Бірақ,  оны АҚШ  үлкен  қауіп-қатердің басы  деп санауда. Бұдан  сәл  бұрын  Трамп миграция жөніндегі  заңға  қол  қойды. Заңда Ирак, Сирия, Ливия, Сомали, Судан, Йемен және Иран мигранттарының  АҚШ-қа келуіне  тосқауыл қойылған.  Бұл  мәселе  араб елдері  тарапынан   қатты  сынға  ұшырады. Тіпті, Иранның  СІМ  Мохаммад Жавад Зариф «масқара жағдай»  деп  бағалады. АҚШ  пен Иран арасы  алдағы уақытта  қалай  болмақ?  Жақсы дей  қою  қиын  секілді. Себебі, бұдан біраз  бұрын Трамп «АҚШ  пен Иран  арасында  қол  жеткізілген достық келісімді, Ираннан санкцияны  алуды «ақылсыз адамдардың тірлігі»  деп атаған  еді. Ал  кеше  ол «Иран – №1 террорлық мемлекет.  Ондай елмен алдағы  күндері  тек  санкция  тілімен  ғана  сөйлесеміз» деп мәлімдеді.

Осыдан кейін-ақ көптеген  сарапшылар АҚШ  пен Иран арасында әскери  қақтығыс  болуы мүмкін  дегенді  айтады. «Бәлкім «Шөлдегі  дауыл-2»  операциясы қайталануы  мүмкін. Өйткені, Жерорта теңізіне қарай АҚШ  әскери кемелері жақындап, топтаса бастауы, соның  алды болуы ықтимал»  деседі  олар.  Иран  қайтпек? Әрине, онсыз да құрсаудың дәмін 1979  жылдан бері татып  келе  жатқан  Теһран жаңа  санкцияны  шыбын  шаққан құрлы  көрмесі анық.  Иран  мұнай  мен  газ өндіру бойынша әлемдегі  алғашқы ондыққа кіреді. Ол – осы  салада негізгі «ойыншылардың»  бірі. Әскери  өнеркәсібі  де жақсы дамыған.  Миллионға  тарта  әскері  бар. Әскері де заманауи қару-жарақпен жарақтанған. Мәселен, былтыр  Ресейден  «С-300» зениттік-зымырандық   кешендерді алған болатын. Демек, бүгінгі  Иран оңай  шағылар жаңғақ  емес. Күшке күшпен жауап беруге әлеуетті.

0 пікір
Мұрағат