Балалар үрейден әлі арылған жоқ
|
Балалар құқығын қорғайтын Save the Children халықаралық ұйымның мәліметіне қарағанда, өткен жылы Израил басқыншылығынан қатты зардап шеккен Газа секторы аудандардағы балалар соғыстың үрейінен әлі арылған жоқ. Өткен жылы Израилдің әскери жорығы кезінде Газа секторында 551 бала көктей солып, мың бес жүзге тарта бала жетім қалған болатын. Балалардың 70 пайызынан көбісі түнгі ұйқыларынан шошып оянады. Соғыстың үрейінен әлі арылмаған балалар мектепке аттап басқысы келмейді. Аталмыш ұйым осындай дерек келтіріп отыр. «Біз үйіміздің қалай үйіндіге айналғанын көрдік. Мен барлық арман-мұратымыздың және жарқын естеліктеріміздің күлге айналғанына жыладым. Менің фото-суреттерім, киімдерім, ойыншықтарымнан түк қалған жоқ. Өмір сүру өте ауыр. Жаным сыздайда да тұрады»,- деді соғыстан ерте есейген 12 жастағы қыз бала құқық қорғаушылармен сұхбаттасқанда. Бұл жайында IslamNews ақпарат көзі аталмыш ұйымның ресми сайтына сілтеме жасай отырып хабар таратты. «Газадағы балалардың дені соңғы жеті жылда үш соғысты бастарынан өткерді. Соңғысы аса қатыгездігімен олардың жүрегіне жазылмас жара салып кетті»,- деді аталмыш ұйымның директоры Джастин Форсайт.