Балалар өлімі рекордтық деңгейге жетті
|
Әлемнің әр түкпіріндегі қарулы қақтығыстар мен әскери жорықтардан көктей солған балалар саны өткен жылы тарихи рекорд орнатты. Бұл жайында Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысының баяндамасында айтылған. Балалар өлімінің дені Ауғанстанда тіркелген. Тек өткен жылдың өзінде соғыс жүріп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған аталған елде қарулы қақтығыс салдарынан 3062 бала опат болған немесе кемтар болып қалған. Ал бұл көрсеткіш бойынша екінші орында тұрған Сомалидегі балалардың 2300-і мерт болған немесе жарыман болып қалған. Үшінші орынға Нигерия жайғасқан – 1947 бала қарулы қақтығыстан көз жұмған немесе мүгедек болып қалған. Ал Сирия мен Йеменде бұл көрсеткіш 1854 және 1689. Бұдан бөлек, БҰҰ келтірген дерекке қарағанда, кәмелет жасына толмаған 933 бала зорланған. Зорланған балалардың дені, яғни, үштен бірі сомалилік балалар. Сондай-ақ, өткен жылы 2490 бала ұрланған. Бұл мәселеде де Африка құрлығында орын тепкен Сомали көш бастап тұр. Ұрланған балалардың дені Сомалиден бөлек Конгодан, Нигериядан, Оңтүстік Суданнан және Сириядан. Сөз орайы келгенде айта кету керек, БҰҰ осы жылдың маусым айының 28-і күні Саудия бастаған коалицияны «қара тізімге» енгізген болатын. Өткен жылы Саудия бастаған коалиция шабуылынан 729 бала бақилық болғаны үшін. Бұл жайында арабтардың Al Jazeera халықаралық телеарнасы мәлім етті.