БАӘ-нің Либиядағы жоспары құрдымға кетті...
БАӘ-нің Либиядағы жоспары құрдымға кетті...
4 жыл бұрын 3128 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

«Араб көктемінен» кейін күйі қашқан Либия өз ұяластарының талауына ұшыраған бөлтірікке ұқсайды. Бейнелеп айтқанда. Әйтпесе ағыл-тегіл мұнайдың арқасында ас та төк молшылықтан мелдектеген либиялықтардың аз жылдың ішінде билікке таласқан топтардың тақымында кеткен тулақтайын ту-талақайы шығады, деп кім ойлаған. Басынан бағы тайған елде сыртқы күштердің қолжаулығына айналған билікке таласушы топтар арасындағы қарулы қақтығыс онсыз да тынышы қашқан Таяу Шығыстағы шала бықсыған соғыс ошағына айналып отыр. Палестина-Израил дағдарысы, Йемен, Сирия, Иран мен Саудия текетіресі, Ирак, Либия... Либиядағы маршал Халифа Хафтардың заңды жолмен сайланған билікке қарсы әскери жорығы сәтсіз аяқталатын түрі бар. Олай дейтінімз, мүнай шикізатының әлемдік нарықтағы бағасының тәжді тажал пандемиясына байланысты күрт түсіп кетуіне орай Біріккен Араб Әмірлігі билігінің шетелдік әскери операцияларға араласу мүмкіндігін шектеп тастады. Түріктердің Anadolu ақпарат агенттігінің таратқан хабарына қарағанда, аталған араб елі фельдмаршал Халифа Хафтардың әскерін бұдан былай әскери техникалармен, қару-жарақпен жабдықтай алмайды. Оның үстіне, Хафтардың әскері заңды үкімет әскерінен жеңіліс тауып, үлкен шығынға ұшырады. Үкіметтің ұлттық келісім армиясы Либияның батысындағы барлық аумақты Хафтар әскерінен азат етіп, өз бақылауына алды. Бұл жеңіліс Хафтардың имиджіне елеулі соққы болды. Әсіресе, өзіне қолдау көрсетіп келген негізгі демеушілері БАӘ мен Мысыр алдында. Оның үстіне, Либиядағы әскери операция БАӘ қазынасын ортайтып кетті. Anadolu ақпарат көзінің келтірген дерегіне қарағанда Біріккен Араб Әмірлігі тек Йемендегі және Либиядағы әскери операцияларға ғана ресурс жұмсап қоймай, сонымен қатар, 2013 жылы Мысырдағы мемлекеттік төңкеріске қаржы шығарған. Бұдан бөлек, Сомали мен Ауғанстандағы жекелеген топтарды қаруландырып отырған. Бюджетінің 94 пайызы мұнай шикізатынан түсетін табыстан тұратын БАӘ бүгінгі таңда шетелден ақша іздеуге көшкен. Халықаралық қаржы нарығында жеті млрд долларға бағаланған акциясы орналастырылған. Стокгольмдегі әлем проблемаларын зерттеу институтының (SIPRI)  баяндамасында 2015-2019 жылдар аралығында Хафтар әскерін Біріккен Араб Әмірлігі мен Мысыр және Иордания жарақтандырғаны айталған екен. Жалпы Біріккен Араб Әмірлігінің әлемдік қару-жарақ саудасындағы үлесі 3,4-ға жеткен соңғы бес жыл ішінде. Аталған араб елі қару-жарақтың 68 пайызын АҚШ-тан алдырған. Осы жылдың наурыз айында Либияның ұлттық мұнай корпорациясы мен Біріккен Араб Әмірлігі елдің шығысында мұнай шикізатын экспорттау арқылы халықаралық құқықты бұзды деп айыпталған болатын. Бұл БАӘ билігінің Либияны мұнай экспортында өзіне тәуелді болғанын қалайтынын білдіреді. Бұдан бөлек, өткен жылдың маусым айында БАӘ билігі фельдмаршал мұнай шикізатын Біріккен Араб Әмірлігінің мұнай компаниялары арқылы заңсыз тасымалдау жөнінде келісімге келген еді. Бұл қадам да Либияның Ұлттық келісім үкіметінің ресурсты бақылауына кедергі келтірген болатын. Біріккен Араб Әмірлігі Хафтарға көмек көрсетуінің астарында мұнай қоры мол елдің нығайып кетуіне жол бермеу мақсаты бұғып жатыр. Егер Либия нығайып кетсе, Біріккен Араб Әмірлігіне қарағанда Либия еуропалық және халықаралық инвестицияға тартымды елге айнала алатын артықшылықтары бар. Бұл майданда БАӘ Либиямен бәскелесе алмайды. Сол себепті, Либияның күш алмауына мүдделі.

Қарай отырыңыз: «Түркияның Либиядағы әскери жорығының түпкі мақсаты қандай» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/turkiyanyn-libiyadagy-askeri-jorygynyn-tupki-maqsaty-qandai-12994/#gsc.tab=0

0 пікір
Мұрағат