Азиялық шағын мемлекет демографиялық дивиденд алу үшін аз жылда 6,5 млн жұмыс орнын ашуы тиіс
Азиялық шағын мемлекет демографиялық дивиденд алу үшін аз жылда 6,5 млн жұмыс орнын ашуы тиіс
2 сағат бұрын 46 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

2025 жылға қарай непалдықтардың еңбекке жарамды ересектер қарасының едәуір артатынына байланысты аталған ел билігі мұндай сирек кездесетін мүмкіндікті уыстан шығарып алмаудың қамына кірісті. Бұл арада демографиялық дивиденд турасында сөз болып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Бүкіл әлемдік банктің таяудағы “Непалдық дарынды жастарды экономикалық өсімді ынталандыру үшін тәрбиелеу” деп аталатын баяндамасына жөн сілтеген Kathmandu Post (EKantipur.com) ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Әйтсе де мұндай мүмкіндікті пайдалану құны да тым жоғары: 2050 жылға дейін, яғни, ширек ғасырда 6,5 млн жұмыс орны ашылуы тиіс. Демографиялық дивидед алу үшін. Ал мұндай игілікке қол жеткізу үшін бірқатар кедергілерді еңсеруге тура келеді. Ең алдымен аталған елде адам капиталы сын көтермейді. Непалдың ұлттық байлығындағы адами капиталының үлесі табыс деңгейі бірдей болып келетін елдермен салыстырғанда орташа шамадан төмен қалып қойған. Әсіресе, соңғы онжылдықта адами капиталдың құлдырауы алаңдатады. 1990-шы жылдардың басында Непал орташа табысы төмен басқа елдермен шамалас болды, ал 2018 жылға қарай бұл тараптағы алшақтық едәуір ұлғайды. Оңтүстік Азиядағы бейресми қызметкерлер ресми сектордағы әріптестеріне қарағанда 61-65 пайызға аз табады, ал бұл фактор жекеменшік сектордың дамуын тежеп, кедейлер қарасын көбейтеді және жалпы өсімді баяулатады. Бейресми жұмыс еңбек өнiмдiлiгін, салықтық түсiмдердi төмендетедi және Непалды ұзақ мерзiмдi сын-қатерлерге алып келеді. Бүгінде непалдықтардың дені елдегі жұмыссыздықтан шетелде жалданып күнін көріп жүр. Елдегі еңбек миграциясы 1990 жылғы шамамен 750 000-нан 2020 жылға қарай 2,6 миллионға дейін өскен, яғни, халықтың шамамен 8 пайызы нәпақасын өзге жерден іздеп, шекара асқан және бұл бағыттағы көрсеткіш Оңтүстік Азия аймағында Ауғанстаннан кейінгі ең жоғары көрсеткішке жатады. Шетелдегі непалдықтардың елге аударған ақшасы Непалдың жалпы ішкі өнімінің төрттен бір бөлігін құрайды. Осыған қарамастан непалдықтардың елеулі бөлігі өз елінің емес, өзге елдің өркендеуіне үлес қосып жүр. Шетелдегі непалдық еңбек мигранттары мәдени айырмашылықтардан бастап  еңбек нарығындағы күрделі ахуалға дейінгі белгісіздікпен бетпе-бет келіп отыр және Непалдың еңбек нарығындағы реинтеграция күрделі болып қалуда. Тиісті қолдау бағдарламалары болмаса, қайтып келген қызметкерлер өз тәжірибелеріне сәйкес жұмыс іздеуде қиындықтарға тап болады, бұл жайт өз кезегінде непалдықтардың шетелде алған дағдыларын пайдалану мүмкіндігін шектейді. Жұмыс орындарының көпшілігінің жалақысы төмен және еңбекке жарамды жастағылардың дені бейресми секторға шоғырланған. 2010 жылдан 2018 жылға дейін еңбекке қабілетті 10 жаңа адамның тек 4-уі ғана жұмыс тапқан, ал бүгінде Непалдың жұмыс күшінің 82 пайызы бейресми санатта. Непалдық әйелдердің үштен екісі ақысы төленбейтін үй жұмысымен айналысады, бұған қоса, бала күтіміне берілетін жәрдемақы төмен. Нәтижесінде еңбекке қабілетті жастағы үш әйелдің біреуінен кемі ақылы жұмыста жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш табыс деңгейі төмен және орташа елдер үшін орташа көрсеткіштен едәуір төмен. Білімі шектеулі әйелдер ресми жұмысқа сирек қол жеткізеді және орта есеппен непалдық қыздар ұлдардың 26 пайызымен салыстырғанда өздерінің адами капиталының 12 пайызын ғана пайдаланады. Непалдың адам капиталы индексі (UHCI) төменгі деңгейді көрсетеді: жұмыс күшіне қатысу үлесі орташа шамамен алғанда 39 пайызды құрайды, ал жастар (28 пайыз) мен әйелдер (26 пайыз) арасында бұл ккөрсеткіш одан да төмен. Еңбекке қабілетті жастағы 12 миллионнан астам адам жұмысқа тартылмаған, яғни, экономикалық белсенділігі өте төмен, ал бұл жайт ұлттық өнімділікті шектейді. Олардың 57 пайызы тек тамағына ғана ақы төленетін жұмысты орындайды, 19 пайызы мектепте оқиды, ал 24 пайызы толығымен белсенді емес. Жұмыспен қамтылғандардың 6 миллионы - бейресми қызметкерлер, ал 1 миллионға жуығы - жұмыссыздар. 2021 жылы 15-24 жастағы жастардың үштен бірінен аса бөлігі білім алмаған, жұмыс істемеген немесе оқуға түспеген (NEET). Баяндамада айтылғандай, егер Непал билігі өз халқына тиімді инвестиция салып, сапалы жұмыс орындарын ашса, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 5,5 есе жоғары болар еді.

 

0 пікір
Мұрағат