|
Азиядағы мұсылман елінің сауаттылық деңгейі көтеріліп келеді
|
Пәкістандағы сауаттылық деңгейі 63 пайызға дейін көтерілген. Бұл жайында islam.kz порталы Daily Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл тарапта жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде тұрғындардың сауаттылық көрсеткіші соңғы бес жылда бар-жоғы 3 пайызға көтерілген. Пенжаб провинциясы күллі ел бойынша сауаттылықтың ең жоғары деңгейін көраеткен - 68 пайыз. Ал ең төменгі орында Белужстан провинциясы тұр - 49 пайыз. Сауалнама мектепке бармайтын балалар санының 30 пайыздан 28 пайызға дейін төмендегенін көрсетті. Интернетке қол жеткізу мүмкіндігі 34 пайыздан 70 пайызға дейін өскен, яғни, интернет пайдаланушылар саны қазір халықтың 57 пайызын құрайды. Үй шаруашылығы мен тұрмысқа қажетті замануи құрылғылар мен смартфондарға қол жеткізу мүмкіндігі 96 пайызға жеткен. Денсаулық көрсеткіштері де айтарлықтай жақсарған: екпемен толық қамту көрсеткіші 68 пайыздан 73 пайызға дейін өсті. Сәбилердің өлім-жітімі 60-тан 47-ге дейін азайды, ал нәрестелердің шетінеуі 41-ден 35-ке дейін азайды. Халықтың жан басына шаққандағы негізгі өнімдерді ай сайын тұтыну көрсеткіштеріне келсек, әр тұрғын айына орта есеппен 5,6 келі бидай, 0,89 келі күріш, 6,12 литр сүт, 3,4 жұмыртқа, 1,17 килограмм картоп және 1,07 килограмм қантты құраған. Пәкістан билігі денсаулық сақтау, білім беру, өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы іс-шаралары біртіндеп өз жемісін бере жастаған. Десе де бұл жетістіктермен шектеліп қалмай, алдағы уақытта барлық сала бойынша ел тұрғындарының жағдайын жасауға ден қойып отыр.