Әзірбайжан «Ислам сегіздігі» құрамына кірді
|
Әзірбайжан D-8 альянсының толыққанды мүшесіне айналды. Бұл жайында islam.kz порталы Islam-Today ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш одаққа, сонымен қатар, Түркия, Бангладеш, Индонезия, Иран, Малайзия, Мысыр, Пәкістан және Нигерия кіреді. Мысыр президенті Әбдіфаттах ас-Сиси пирамидалар елінің жаңа әкімшілік астанасында өтіп жатқан қауымдастық саммитінде сөйлеген сөзінде осылай деп мәлімдеді. Аталмыш одақтың тағы бір елмен толығуы өз кезегінде альянстың саяси салмағын арттырып, мүше елдер арасындағы қарым-қатынасты жаңа белеске көтеруі мүмкін. Десе де Әзірбайжанның аталмыш одаққа қандай критерилер бойынша кіргені туралы мәлімет айтылмаған. Өйткені, бұл альянс ең ірі, соның ішінде халқының саны көп мұсылман елдерінің мүшелегі негізінде құрылған еді. Осы орайда «Ислам сегіздігі» 1997жылы Стамбұл шаһарында Түркияның сол кездегі премьер-министрі Нәжімеден Ербақанның бастамасын құрылғанын және осы жолы Мысырда өтіп жатқан саммит ұйым тарихындағы 8-ші жиын екенін де айта кетпекпіз. Бұл алқалы шарада жастарға инвестиция құю, болашақтың экономикасын қалыптастыру, сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері талқыланды. Бұл айтулы шараға мүше елдерден өзге Араб елдері лигасының бас хатшысы Ахмет Әбу әл-Гейт пен ливанның премьер-министрі Нәжіп Миқат та қатысуда.