Аяқталмаған пандемия. АИТВ туралы не білу керек?
Аяқталмаған пандемия. АИТВ туралы не білу керек?
5 жыл бұрын 2498 Рахила Тлеуова

Дүние жүзінде осы күнге дейін 32 миллионнан аса адам АИТВ жұқтырып, 20 миллионнан аса адам көз жұмған. Ал Қазақстанда 24 мыңға жуық адам АИТВ инфекциясын жұқтырған. Жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісінде әлем жұрты АИТВ-дан қайтыс болған туған-туысын, жақынын, досын еске алады. Індеттен толық құтылған ел жоқ. Tengrinews.kz тілшісі Нұр-Сұлтан қаласындағы ЖИТС орталығының директоры Сәбит Әбдірайымовтан елордадағы ахуалды сұрап көрді.

Алдымен мына дерекке көз жүгіртсек, дүние жүзінде әр апта сайын 15-24 жастағы 6 мыңға жуық әйел АИТВ жұқтырады. Тропикалық Африкада АИТВ жұқтырған 15-19 жастағы жасөспірімдердің арасында әрбір бес баланың төртеуі - қыздар. 15-24 жастағы ер адамдарға қарағанда, қыздардан АИТВ анықтау ықтималдығы екі есе жоғары. Бұл фактілер UNAIDS БҰҰ-ның АИТВ бойынша біріккен бағдарламасының ресми сайтынан алынды. ЖИТС - дүние жүзінде аяқталмаған пандемия.  

Нұр-Сұлтанда АИТВ жұқтырғандардың 70 пайызы - 20-39 жаста

Ал Нұр-Сұлтан қаласы бойынша соңғы 24 жыл ішінде АИТВ жұқпасымен 1824 науқас ресми тізімге алынған, оның 58-і қайтыс болған және 7 пайызы 117 жағдай ЖИТС сатысына ауысқан. Осы жылдың төрт айында қаладағы сенім телефонына 432 адам қоңырау шалған. Сұрақтардың басым бөлігі АИТВ-ға тестілеуге қатысты болған.

"Қаладағы АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың 70 пайызын 20-39 жас аралығындағы жастар құрайды. Көбіне жыныстық қатынас арқылы және парентералды, инъекциялар есірткі арқылы жұғады. Дегенмен қазір парентералдық жол арқылы жұқтыруға қарағанда (инъекция т.б.) жыныстық жолмен жұқтыру үш есе артты", - деді Сәбит Әбдірайымов.

Орталық директорының айтуынша, ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күнін қоғам назарын АИТВ-инфекциясының таралуына аудару үшін маңызды деп санайды. 

"Халықаралық еске алу күні - бұл АИТВ-инфекциясының одан әрі таралуына қарсы тұру дайындығы мен ниетін көрсетудің тағы бір мүмкіндігі. Нақты тәуекелді көрсету және оны қалай болдырмау керегін түсіндіру. Басты мақсаты - ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске түсіру ғана емес, халыққа АИТВ-инфекциясының алдын алудың маңыздылығын жеткізу, жұртшылықтың назарын АИТВ-инфекциясымен өмір сүретін адамдардың құқықтарын сақтау және кемсітушілікпен күрес мәселелеріне аудару", - дейді директор. 

Дүниеге келген 188 баланың алтауына АИТВ диагнозы қойылған

Нұр-Сұлтанда өсу үрдісімен АИТВ диагнозы бар 181 әйел босанып, 188 баланы (5 бала- егіздер) дүниеге әкелген. Туылған 188 баланың ішінде: 134 -і дені сау болып, есептен шығарылған. Ал алтауына "АИТВ" диагнозы қойылып, 19-ы басқа өңірлерге кеткен. Қалған 29-ы 1,5 жасқа дейін бақылауда болады.

Маманның айтуынша, АИТВ-мен өмір сүретін әйел жүктілік пен босану кезінде антиретровирусқа қарсы препараттарды қабылдаған және баланы емшек сүтімен емізбеген кезде ғана АИТВ-ның берілу қаупі 2 пайызға дейін төмендейді.

"Қазір антиретровирусқа қарсы емдеу мен тұрақты медициналық бақылаудың арқасында АИТВ-инфекциясы ЖИТС сатысына ауыспауы мүмкін. Біздің тәжірибеміздің негізінде АИТВ-инфекциясын жұқтыру қаупін төмендету және дені сау балалардың туылуы үшін антиретровирустық терапияның жоғары тиімділігі туралы сенімді түрде айта аламыз, - дейді ол.

Орталық мамандары халық арасында АИТВ-ның алдын алу бойынша ірі, орта және шағын бизнес кәсіпорындарының еңбек ұжымдарында, оқу орындарында, медициналық ұйымдарда АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға толерантты қарым-қатынас қажеттілігі туралы айтып, түсіндіріп береді.

"Стигма мен кемсітушілікті жоюға барынша көңіл бөле отырып, біз АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың мүмкіндігін арттырамыз. Олардың ем ала отырып, өмір сүру сапасы мен ұзақтығын жақсартуға септігімізді тигіземіз. Мемлекет өз тарапынан АИТВ жұқтырғандарды әлеуметтік және құқықтық қорғауға, сондай-ақ медициналық көмек көрсетіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, кемсітушілікке жол бермеуге, балалардың мектепке баруына кепілдік береді", - дейді орталық директоры. 

0 пікір
Мұрағат