|
Австралия оқудан кейін шетелдік түлектерге жұмыс визасы үшін ақыны екі есеге көтерді
|
Шетелдік студенттерге оқуды аяқтағаннан кейін қалуға және жұмыс істеуге мүмкіндік беретін Австралия түлектерінің уақытша визасына өтініш беру ақысы 2300 австралиялық доллардан 4 600 долларға (3 250 АҚШ доллары) дейін ұлғайтылды. Бұл жайында islam.kz порталы VnExpress International ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Австралия ішкі істер министрлігінің ресми сайтында жарияланған жаңа алым наурыз айының 1-нен бастап күшіне енді. 485 виза ретінде кеңінен танымал аталмыш виза түрі шетелдік түлектерге университет дипломының иегерлері үшін үш жылға дейін және кәсіптік білім беру түлектері үшін 18 айға дейін Австралияда қалуға және жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте британдық азаматтық (шетелдік) және гонконгтық төлқұжат иегерлері үшін түрлі шарттар қолданылады. Виза иелері талаптарға сәйкес келетін отбасы мүшелерін де әкеле алады. Өтiнiш берушiлердiң соңғы алты ай iшiнде студенттiк визасы болуы, 35 жастан кiшi болуы және шетелдiк студенттерге арналған мекемелер мен курстардың тiзiлiмiнде (CRICOS) тiркелген тиiстi оқу орнынан және курстан танылған бiлiктiлiгi болуы тиiс. Кәсiптiк бiлiм беру түлектерi үшiн аталған кәсiп Австралияның бiлiктi кәсiптерiнiң тiзiмiнде көрсетiлуi тиiс. Өтініш бергендер медициналық, денсаулық және ағылшын тілі бойынша талаптарға бағынады. Австралия билігінің бұл шарасы халықаралық білім беру секторына бақылауды күшейтуге бағытталған көші-қон саясатының неғұрлым ауқымды реформасы аясында болып отыр.