Аузы күйген үрлеп ішеді: түріктер осы заманғы қарудың түр-түрін құрастыратын болды...
|
Естеріңізде болар осыдан бірер күн бұрын сайтымыздың жаңалықтар легінен "Біреуге қараған күнің құрысын: АҚШ Түркияны сазға отырғызып кетті" атты жаңалығымыз. Ақшасы алдын ала төленсе де АҚШ бесінші буынды жойғыш ұшағын сатудан бас тартқанын айтқан болатынбыз. Оның орнына Ресейдің бесінші буынға жататын СУ-57 жойғыш ұшағын сатып алатынын да жеткізген едік. Түркия билігі өзге елдің қаруын сатып алудың арты түрлі саяси әрі басқалай себептермен сәтті аяқталмайтынын, оның үстіне, ел қауіпсіздігіне қатерлі екенін ұққан секілді. АҚШ-тың әрекетінен сабақ алған Түркия бесінші буынға жататын өздерінің TF-X жойғыш ұшағын құрастырмақ. 2023 жылға дейін. Тарқата түссек, түріктер отандық TF-X жойғыш ұшағын құрастыруды бастаған соң біртіндеп F-4 және F-16 жойғыш ұшақтарынан бас тартпақ. Соңғы жылдары түріктер әскери техникаларды өзінде жасауға ден қойып отыр. Ұшқышсыз ұшатын аппараттан бастап, зымыранға дейін. (Жаңалықтар таспасынан тауып оқи аласыздар - ред.). Отандық қару түрлерін Шам жеріндегі күрд содырларына қарсы әскери жорығы кезінде сынақтан өткізген де болатын. Соңғы жылдары аталған ел қорғаныс өнеркәсібіне 35 млрд доллар инвестиция құйғанын да айта кетпеске болмайды.