Ауғанстанның 1 млн 200 мың халқы ел ішінде босып жүр (видео)
|
Ауғанстанда соңғы 3 жылда зорлық-зомбылық кесірінен қоныс аударған халықтың саны 2 есеге артқан. Бұл туралы «Amnesty International» халықаралық ұйымының жаңа баяндамасында жазылған. 1 миллион 200 мың адам. Бүгінде Ауғанстанның дәл осыншама халқы үйлерін тастап, ел ішінде босып жүр. 2013 жылы олардың саны шамамен 500 мыңға жетер-жетпес еді. Қазір мемлекеттен қашып, жат жерде жүрген ауғандардың саны 2,5 миллионнан асып жығылады. Чампа Пател, «Amnesty Internationa»l ұйымының өкілі: - Баспанасынан айырылып, Ауғанстан аумағында босып жүрген халық – мемлекеттің әлеуметтік жағынан ең әлсіз тобы. Бұл азаматтар өздерін қауіпсіз сезіну үшін қоныс аударады. Дегенмен, олардың көбісінің жаңа орындағы жағдайы адам төзгісіз. Олар азық-түлік, киім-кешек және дәрі-дәрмек секілді ең қажетті заттарға қол жеткізе алмай отыр. Сондай-ақ, білім беру және жұмыспен қамту мәселелері де дұрыс қарастырылмаған. 2014 жылы мемлекет ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушыларға қатысты жаңа ережелер қабылдаған болатын. Құжатқа сәйкес, үйін тастап, босып жүрген бірде-бір бала білім алудан қол үзбеуі керек. Алайда, іс жүзінде күрделі әлеуметтік жағдай кесірінен кәмелетке толмағандар сабақты ысырып қойып, жұмыс істеуге мәжбүр. Көбісі көлік жуады, аяқ киім тазалап, қоқыс жинаумен айналысады. Пахмана Джан, көшіп-қонушы: - Біз Жәлалабад қаласында тұрғанбыз. Бір күні әуе шабуылы кезінде үйіміз қирап қалса, енді бір күні бомбалардың бірі мектебіміздің үстіне құлады. Лаңкестердің шабуылы жиілеп кетті. Соның салдарынан туған жерімізден кетіп қалдық. Мудир Хан, көшіп-қонушы: - Біздің мұндағы жағдайымыз нашар. Жөні дұрыс мектеп жоқ. Медициналық көмекке де қол жеткізе алмай отырмыз. Билік көмек көрсетпейді. Олар бізге жаңа баспана мен жаңа мектеп салып береміз деп уәде еткен еді. Иракта да осыған ұқсас жағдай. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша мұнда алдағы айларда қоныс аударуға мәжбүр халықтың саны екі есеге артып кетуі мүмкін. Өйткені, қазір аймақта «Ирак пен Леванттың лаңкестік тобына» қарсы күрес аясында үкімет жасағы мен экстремистер арасында атыс-шабыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 3,5 миллиондай тұрғын баспанасын тастап, босып жүрсе, алдағы уақытта оларға тағы 3 миллион адам қосылуы ғажап емес.