Ауғанстанда апиыншылар бас көтерді
Ауғанстанда апиыншылар бас көтерді
6 ай бұрын 930 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Тәліптер қозғалысынан жасақталған Ауғанстанның уақытша үкіметі елдің солтүстік-шығысында орын тепкен Бадахшан провинциясында апиын көкнәрі алқаптарының жойылуына байланысты орын алған шаруалар мен тәртіп саұшылары арасындағы қақтығысты тексеріп, тергейтін арнайы комитет құратын болды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Dawn мерзімді басылымына  жөн сілтеген ТАСС ақпарат агенттігіне және Islam-Today cайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш комитет 2022 жылы тәліптердің жоғарғы жетекшісі, яғни, көсемі Хайбатулла Ахундзаданың пәрмені бойынша салынған тыйым негізінде апиын дақылдарын тәркілеу кезінде жергілікті фермерлердің үй-жайын тінтуіне және полицияның қажетсіз күш қолдануына шағымдануына жауап ретінде құрылған. Өткен аптада Бадахшанда наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы қақтығыстан кемінде екі адам қаза тапқан болатын. Тәліптер жарлығына сәйкес Ауғанстан аумағында есірткі айналымында жетекші рөл ойнайтын героин өндірісінің шикізаті болып табылатын апиын көкнәрін өсіруге басы бүтін тыйым салынды. Бұл тыйымды айналып өткендер мен елемегендер ауыр қылмыскер санатына жатқызылып, түрмеге жабылады. Осыған қарамастан, көкнәр өсіру әлі күнге дейін көптеген ауған фермерлері үшін жалғыз табыс көзі болып қалуда. Өйткені, ауған экономикасы әртараптандырылмаған. Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикалық мәліметі бойынша 2021 жылы тәліптер Ауғанстанда билікті басып алғанға дейін бұл елде 6 мың тоннадан астам апиын өндірілген, одан 320 тонна таза героин алынған екен. Ауғанстандағы апиыннан түскен табыс сол жылы 1,8-2,7 миллиард долларды немесе елдің жалпы ішкі өнімінің 7 пайызынан астамын құрады. Тәліптер қатаң тыйым салғаннан кейін 2023 жылы Ауғанстанда апиын өсіру және өңдеу көрсеткіші 95%-ға қысқарды. 

0 пікір
Мұрағат