Астана мен Алматыдан Қарағандыға гуманитарлық көмек жөнелтілді (фото+видео)
Астана мен Алматыдан Қарағандыға гуманитарлық көмек жөнелтілді (фото+видео)
10 жыл бұрын 4842

Кеше «Нұр Астана» орталық мешітінен Қарағанды өңірінде су апатынан зардап шеккен тұрғындарға арналған «Қайырымдылық керуені» сапарға шықты. Үш ірі жүк көлігіне азық-түлік, тұрмыстық керек-жарақтары тиеліп, апаттан ауыр сынаққа ұшыраған ағайындарға арнаулы бет түзеген көшті Елорда имамдары ұйымдастырып отыр, - деп хабарлайды «Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі.

Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Орталық мешіттің ұйытқы болуымен Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмек көрсетті. Бүгін өңірге 20 тонна қайырымдылық жүгі артылған автокеруен жол тартты.

«Қайырымдылық керуені» атты акциясына Алматы қаласының тұрғындары мен дін қызметкерлері қатысып, үлес қосты. Акция асында тұрмыстық заттар, киім-кешектер, көрпе-жастық және қаржылай көмек жиналды.

Игі шараға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып: «Су тасқынынан зардап шеккен бауырларымыздың басына түскен ауыртпашылық – барша халқымызға, қоғамға ортақ мәселе. Басына ауыртпашылық түскен адамға көмектесу – ол да мұсылмандығымыздың белгісі. Қазір Астана, Алматы, Қарағанды, өзге де облыстарымызда «Қайырымдылық керуені» атты акция жүріп жатыр», – деді.

Бүгін Алматы мешіттері ұйымдастырған екі жүк көлігі Қарағанды облысына аттанса, ертең Астана, Қарағанды қалаларындағы мешіттерден де гуманитарлық көмек көрсетіледі. Бүгін мешіт жанынан ашылған қоғамдық пункттерде азық-түлік немесе тұрмыстық заттарды қабылдау шарасы жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметі.

0 пікір
Мұрағат