«Аш-Шабаб» шабуылынан 147 адам опат болды (фото)
|
Кенияның Гарисса қаласындағы университетке «аш-Шабаб» радикалды тобының содырларының қолынан 147 адам опат болды. Бұл жайында AFP ақпарат көзі хабар таратты. Басынан бақайшағына дейін қаруланған содырлар сәуір айының 2-і күні таңертеңгісін аталмыш жоғары оқу орнын басып алған. Олар адамдарды кепілдікке алып, шамамен 16 сағат бойы ұстаған. Қауіпсіздік қызметкерлерінің операциясы кезінде осы шабуылға қатысқан төрт содыр өздерін жарып жіберді. Осы хабарды таратқан ақпарат агенттігінің мәліметіне қарағанда, бұл төтенше жағдайдан бірнеше сағат бұрын ел президенті Ухуру Кеньятта «Кенияда да әлемнің кез келген еліндегі секілді қауіпсіздік орнаған» деп мәлімдеме жасаған екен. Бұл жолғы теракті 1998 жылдан бері алғанда аса ірі теракті болып табылады. 1998 жылы «әл-Каида» содырлары Найроби қаласындағы АҚШ елшілігінің аумағында тұрған жүк көлігін жарып жіберген болатын. Нәтижесінде 213 адам опат болған еді.