Аргентиналық қария 40 жылдан бері үңгірде өмір сүреді (видео)
Аргентиналық қария 40 жылдан бері үңгірде өмір сүреді (видео)
8 жыл бұрын 3114 24.kz Е.Қашқынов, Ә.Толыбаев

«Әлемде талай қызық бар!» Аргентинаның солтүстігінде 40 жылдан бері тек қана үңгірде өмір сүретін адам бар. Ол жергілікті тұрғындар үшін тірі аңызға айналған. Педро Луканың жасы қазір 79-да. Айына алатын зейнетақысы 200 долларға жетпейді. Оның ел қатарлы заманауи үйде тұрудан бас тартып, орман ішінде өмір сүре бастағанына 40 жыл болған. Бірақ, жерлестері қария замандастарына қарағанда анағұрлым жас көрінетінін жыр қылып айтады. Қимылы ширақ. Тау басындағы үңгірге күніне бірнеше мәрте мініп-түссе де шаршау дегенді мүлде білмейді. Ол электр жарығын атымен қолданбайды. Ішетіні – іргеде ағып жатқан бұлақ суы. Қарны ашса, қаруын алып, қалаған аңын атып жейді. Педро Лука, аңшы: - Жас кезімнен аң аулауға құмар болып өстім. Тау-тасты кезуден еш жалықпайтын едім. Осылай табиғат аясында өмір сүргенге не жетсін! Мұнда ең жақсы және ең таза су бар. Қолдан жаққан оттың өзі неге тұрады! Менің отбасым осы жерде. Педро 11 тауық пен 2 ешкі ұстайды. Олар жақын маңда жайылып, кешкілік үңгірге келіп, таң атырады. Күнде таңғы 3-те әтеш шақырған кезде тұратын қария әрбір күнін от жағумен бастайды. Педро Лука, аңшы: - Мен «неге осында өмір сүруге бел будым?» деген сұрақты ешқашан ойлаған емеспін. Осы маңайда басқа да үңгірлер бар, бірақ, маған осы қатты ұнады. Кейде әлемді, Еуропаны шарлап, саяхатқа аттансам ба екен деген ойға батамын. Бірақ, екі ортада үлкен теңіз бар, оны кесіп өту үшін көп уақыт керек. Үңгірге ең жақын елді мекен – Сан-Педро-де-Колалао қаласы. Педро қажетті заттарын осында келіп алады. Сондағы алатыны – майшам, ашытқы мен жүгері. Үңгір мен қаланың арасы – 3 сағаттық жол. Хуан Мамани, Педро Луканың туысы: - Оны осындағы жұрттың бәрі біледі. Тіпті, мектептегі оқушылар қызықты саяхат жасау үшін осында келеді. Олар табиғатты танып, біраз мағлұмат алып кетеді. Бір қиыны, бұл жерге жету оңай шаруа емес. Педроның қолында жалғыз заманауи құрал бар. Ол – батареямен істейтін шағын радиоқабылдағыш. Бірақ, оның өзі толқынды дұрыс ұстамай, көбіне үнсіз тұрады.

0 пікір
Мұрағат