Арабтар ғарышкерлер іріктеудің алғашқы кезеңін бастады
|
Біріккен Араб Әмірлігінің билігі отандық ғарышкерлерді іріктеу және дайындауға қатысты ұлттық бағдарламаны іске қосты. Ғарышкер атануға үмітті жастар, соның ішінде, бозбалалар мен бойжеткендер бақтарын санауда. Бұл жайында аталған елдің вице-президенті әрі премьер-министрі, сондай-ақ, Дубай әміршісі Мұхаммед бин Рашид әл Мақтұм мәлім етті. Амбизиялық бастама бойынша аталған ел 2021 жылы Марсқа зонд ұшыруды жоспарлап, 2117 жылы қызыл планетаны бағындыруды алдына мақсат етіп қойған болатын. Осынау айтулы оқиғаға байланысты Дубай әміршісі әлеуметтік желіде жалынды сөздерге толы жазба қалдырыпты: «Жаңа ғарыш бағдарламасын іске қосу арқылы тарихта жаңа парақ пайда болады. БАӘ адамдары барлық кедергіні еңсереді – мүмкін еместі мүмкін қылатынына сенетін оларды алған бетінен ешкім тоқтата алмайды». Айта кетейік, іріктеуден өткендер халықаралық стандартқа сәйкес теориялық және практикалық курстан өтеді. БАӘ командасына 4 ғарышкер енеді. Олар халықаралық ғарыш стансасына аттанады.