Арабстанда тағы бір инновациялық қала тұрғызылады
|
Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман әл-Сауд ел аумағында инновациялық қала тұрғызылатынын жаһанға жар салып, жария етті. Арабстанда соғылатын болашақ қала Неом (Neom) деп аталады. "Сауд Арабиясы 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы аясында өркениеттер тоғысатын ғаламдық орталыққа айналуы тиіс инновациялық жаһандық шаһар салады",- деп айтылған жаңа жоба тұсаукесерінде. Аталмыш жоба Эр-Рияд қаласында өткен Future investment initiative форумында жұртшылыққа таныстырылды. Болашақта тұрғызылатын инновациялық қаланың аумағы 26 мың шаршы шақырымды құрайтын болады. Қала елдің солтүстігінде тұрғызылады. Бұл қала келешекте араб елдерінің ғана емес, сонымен қатар, Африка, Азия, Еуропа және Америка елдерінің экономикалық байланысын арттыратын қала болмақ. Бұл қала инвесторларға жылына 500 млр доллар пайда әкелетін болады.