Араб шенгені биыл беріле бастайды
|
«Араб шенгені» деген атауға ие болған Парсы шығанағы елдерінің бірыңғай визасы 2024 жылдың соңына таман беріле бастамақ. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Шарждың сауда-саттық және туризм басқармасының (SCTDA) өкілі Халид Жасым әл Мидфаға жөн сілтеген Arabian Business ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аймақ экономикасына едәуір серпін беретін аталмыш жобаға қатысты өз жоспарын бөліскен Біріккен Араб Әмірлігінің экономика министрі Абдолла бен Тук әл Марри өңірлік туристік визаға GCC Grand Tours атауы берілетінін жария етті. Бұл виза туристерге Парсы шығанағы елдері ынтымақтастығына мүше алты мемлекет аумағында 30 күннен аса уақыт болуға мүмкіндік береді. Жаңа жүйе туристерді аймақта ұзақ уақыт ұстауға, осылайша олардың қонақүйлерде болу уақытын созуға мүмкіндік беріп, туризм табысын арттыруы әрі Парсы шығанағын әлемнің ең тартымды туристік бағыттарының біріне айналдыруы тиіс. Осылай деген лауазымды тұлға бұл тарапта туристік операторлармен, компаниялармен, әуежай компанияларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.