Араб мәселесінде Иран Израилдің одақтасына айналуы мүмкін бе?
|
«Макор Ришон» деп аталатын, иврит тілінде жарық көретін консервативтік-сионистік мерзімді басылымында публицист Амнон Лордтың саяси сараптамаға құрылған мақаласы жарияланды. Оның пікірінше, Хаменей мен өзге де аятоллалардың Израилге деген өшпенділігін асыра бағаламау керек. Бұл жайында "islamnews.ru" ақпарат көзі хабар таратты. Автордың айтуынша, араб мәселесін шешуде Иран Израилдің одақтасына айналуы әбден мүмкін. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Иран монархиясы Израил стратегиясының маңызды бөлігі болған. Тарқатып айтқанда, сол тұстағы Иран билігі Иракпен арадағы шекара маңында орналасқан, мұнай кен орны бар Хузестан провинциясында арабтар көптеп қоныстанғанына, соған байланысты аталған өңірде араб ұлтшылдығының артқанына алаңдаған болатын. Иран билігінің осы осал тұсын пайдаланған Израил «араб мәселесінде» ирандықтармен тығыз қарым-қатынас орнатқан еді. Қазіргі Иран билігінен қатты қауіптенбеуді Ури Лубрани, Цури Саги секілді саясатта салмағы бар израилдік саясаткерлер де айтып жүр. Израилдің қауіпсіздік күштерінің белді өкілі, Ирактағы күрд содырларын басқарған ЦАХАЛ генералы Цури Саги де «араб-сүннит мәселесінде» Иранмен байланыс орнатқан. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, Иранның бағдарламасы тек алабөтен Израилге ғана емес, сонымен қатар, Иранға қарсы арабтарға да бағытталған.