|
Араб коалициясы Йеменде өрескел ағаттық жіберіп алды
|
Йеменде бұлік шығарған шииттік хусит тайпасына қарсы әскери операцияны жүзеге асырып жатқан араб коалициясы өрескел қателікке жол беріп, осы елдегі Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимаратын атқылаған. Бұл өз кезегінде бүкіл әлемдік ұйымның бас хатшысының ашуын туғызды. Қоршаған ортаның ластануына қарсы және дамушы елдердегі кедейлікпен күрес жөніндегі БҰҰ-ның Даму бағдарламасының (UNDP) Аден қаласындағы өкілдігінің ғимараты әуеден берілген соққының астында қалған болатын. Осы әуе шабуылынан ғимараттың бір жағы опырылып, бір күзетші жарақат алды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун хзуситтерге қарсы жорық жасаған араб коалициясын осы ағаттығы үшін айыптап, Йемендегі ахуалды бейбіт жолмен шешудің маңыздылығы мен қажеттілігін тағы еске салды. Бұл жайында «Reuters» ақпарат агенттігі хабар таратты. Осы оқиғаға байланысты БҰҰ комиссиясы арнайы тексеру-тергеу жұмыстарын жүргізеді.
Хуситтер Сауд Арабиясын зымыранмен атқылады

Хуситтер Сауд Арабиясының аумағын «Scud» баллистикалық зымыранмен атқылады. Хуситтер Рияд провинциясындағы саудиялықтардың қарулы күштерінің әскери базасын нысанаға алған еді. Бұл жайында «Reuters» ақпарат ресурсы хабар таратты.