Араб елінде де демографиялық апат қаупінің алғашқы белгілері байқала бастады
Араб елінде де демографиялық апат қаупінің алғашқы белгілері байқала бастады
25 күн бұрын 454 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Марокконың жақындап қалған келесі жылға арналған гендерлік бюджетке қатысты бандамада келтірілген дерекке қарағанда, аталған араб елінде қартаю процесі қарқын алып келеді әрі туу көрсеткіші төмендеп келеді. Бұл жайында islam.kz порталы Hespress ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Өткен жылғы (2024) халық санағының дерегі бойынша бүгінгі таңда марокколықтар отбасы орташа есеппен алғанда 3,9 адамнан тұрады. Ал бұл көрсеткіш 2014 жылы 4,6 адам болатын. Қазіргі уақытта марокколық отбасында жан басы екі немесе үш адамнан аспайды. Туу коэффициенті перзент сүюге қабілетті бір әйелге шаққанда 1,97 балаға дейін төмендеген. Марокко халқының 60 және одан жоғары жастағы үлесі 2014 жылғы 9,4% -дан 2024 жылы 13,8% -ға дейін өсті және 2050 жылға қарай шамамен 10 млн адамды құрап, 23,2% -ға жетуі мүмкін. Сонымен қатар, еңбекке қабілетті халық саны 62,4% -дан 59,7% -ға дейін қысқарған. Баяндамада Марокко халқының қартаю индексі 2014 жылы 100 балаға шаққанда 33 егде адамнан 2024 жылы 52-ге дейін көтеріліп, 2050 жылға қарай 129-ға жетуі мүмкін екендігі айтылған. Үйдегі жүріп-тұруы қиын қарттар мен балалардың күтім ауыртпалығының негізгі бөлігі әйелдердің мойнында. Олар 16% ерлермен салыстырғанда 84% үй және күтім бойынша ақы төленбейтін жұмыстарды орындайды. Жұмысы жоқ әйелдердің 63%-ға жуығының балаларына қарау және үй тірлігінен шыға алмау ақылы жұмысқа тұра алмауының негізгі себебіне айналған. Балалардың жартысынан көбі (54%) бала күтімі бойынша қызметтердің болмауынан ақылы жұмысқа шыға алмай отыр. Егде адамдар санының артуына байланысты әйелдердің дені бір мезгілде балаларына да, қартайған ата-аналарына да қамқорлық жасауға мәжбүр. 2024 жылы әйелдердің тек 19,1% -ы ғана ресми жұмыс күшінің бір бөлігі бола алған. Міне, осындай қалыптасқан тығырықтан шығу үшін баяндамада аталған ел билігін  «күтім экономикасын» дамытуға шақырған. Дәлірегі, жұмыс орындарын ашу және экономикалық өсімді ынталандыру үшін балаларға, қарттарға күтім жасауға және олармен байланысты қызметтерге инвестиция сала отырып, бұл қиындықты мүмкіндікке айналдыруға үндеген. Жаһандық мәліметке қарағанда, ақылы күтімге жұмсалған әрбір доллар экономикалық өсімді үш долларға арттырады. Сондай-ақ, баяндамада мектепке дейінгі білім беру ұлттық стратегияның негізгі бөлігіне айналуы керектігі айтылған. Мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейіне келсек, 2007 жылғы 33% -дан 2023 жылы 78,7% -ға дейін өсті және осы тараптағы бағдарлама кеңейтілсе, қосымша 51 000-нан астам жұмыс орнын ашуға болатыны айтылған. Бұл жұмыс орындарының 90% -ы әйелдерге арналған. Тағы бір мүмкіндік қарт адамдарға арналған қызметтерге бағытталған «күміс экономикада» жатыр. 2050 жылға дейін бұл сектор жылына 7% -ға өсіп, 640 млрд дирхамға немесе Марокко жалпы ішкі өнімінің 13% -ға жетуі ықтимал.

 

0 пікір
Мұрағат