Араб елі Еуропа елінен ядролық сынақтардың салдарын жоюды талап етуде
|
Алжирдің қоршаған ортаны қорғау және өмір сапасын арттыру министрі Нәжіп Жіләл аталған араб елінің Франция отары болған кездегі оңтүстік аймақта жүргізілген ядролық сынақтардың нәтижесінде пайда болған ядролық қалдықтарды залалсыздандыру жауапкершілігін аталмыш еуропалық елдің өз мойнына алуын талап ететін әрекеті заң жүзінде мақұлданғанын мәлімдеді. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Министрдің айтуынша, мұндай бастама қазіргі және келер ұрпақтың тұрақты әрі ластанбаған қоршаған ортада өмір сүру құқығын қорғауға бағытталған. Осылай деген ол Францияны елдегі экологиялық апатқа кінәлі ел ретінде танитынын және ел тұрғындары мен қоршаған ортасына орасан зор зиян келтіргенін мойындап, радиоактивті заттарды жою үшін тарихи, моралдық және құқықтық жауапкершілікті өз мойнына алуы керектігін мәлімдеді. Бұл талап Алжирдің ұлттыық экологиялық заңнамасына енгізілуі тиіс. 1960 жылдың ақпан айының 13-і күні сағат 7: 04-те Франция Алжирдің оңтүстігіндегі Реган деп аталатын аймағында Gerboise Bleue деп аталатын алғашқы атом бомбасын жарды. Бомба Хиросимаға тасталған бомбадан төрт есе көп энергия шығарды. Екінші бомба - Жербуаз Бланш бірнеше айдан кейін жарылды. Француздар 7 жыл бойы Алжирде 17 бомбаны жарды. Алжир адам құқықтарын қорғау лигасының дерегі бойынша 24 000-нан астам адам сәулеленуге ұшыраған, өңірде әлі күнге дейін обырға шалдығу және генетикалық ауытқу жағдайлары тіркеліп келеді.