|
Араб елі аумағындағы ең күрделі әрі ауқымды жобаның ауыр кезеңі аяқталды (видео)
|
Қытайдың 中国铁路建设 («Шайна Рейлуей Констракшн») корпорациясы Африка құрлығындағы ауыр пойыз құрамаларына (состав) арналған ең ұзын көпірдің (PK330 көпірі) теміржол табанын төсеп бітіргенін жария етті. Осылайша Алжирдің батыс тау-кен теміржол жобасының негізгі бөлігі аяқталды. Бұл жайында islam.kz порталы english.news.cn ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Алжирден оңтүстік-батысқа қарай шамамен 1250 шақырым жарықтағы Тіндіп аймағындағы сусыған құм шағылдарын кесіп өтетін алты шақырымдық көпір өз кезегінде Бешар провинциясын әлемдегі ең ірі темір кен орындарының бірінен саналатын Қара Жәбілет кенішімен байланыстыратын 575 магистралінің техникалық жағынан ең қиын бөлігіне жатады. Алжир және қытай жұмысшылары Сахараның тіршілікке қолайсыз ортасында - аптап ыстықта, құм суырған дауылда, ауызсудан тарығып жүріп, жергілікті және аймақтық экономикалық және тсртатегиялық маңызы зор жобаның ең қиын кезеңін еңсере алған. Аталмыш корпорацияның келтірген дерегіне сенсек, негізгі құрлысы (конструкциясы) айналдырған бір жыл ішінде тұрғызылған бұл жоба бойынша жергілікті тұрғындарға 7000-нан аса жұмыс орны ашылған, бұдан бөлек, 1000-нан аса біліктілігі жоғары маман даярланған. Теміржол жобасы жалпы ұзындығы 12,2 шақырымға созылатын 19 көпірді қамтыған. Батыс тау-кен темір жолы «Бір белдеу және бір жол» деп аталатын Қытайдың жаһандық бастамасы аясында флагмандық жобаға айналды. Оның міндеті - Алжирдің оңтүстік-батысындағы кеніштерді, өнеркәсіптік аймақтар мен айлақтарды байланыстыру. Пайдалануға берілгеннен кейін магистрал көлік желісін нығайтуға және өңірдің экономикалық дамуына ықпал етуге тиіс.