Араб елі 800 мыңдай үндіні еліне қайтаратын болды
Араб елі 800 мыңдай үндіні еліне қайтаратын болды
4 жыл бұрын 2254 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Кувейт парламенті мақұлдаған заң жобасы бойынша ел аумағында нәпақасын тауып жүрген 1 млн 45 мың үндінің 800 мыңы осы жылдың аяғына таман қолданысқа енген соң еліне қайтарылатын болды. Аталмыш заң талабы бойынша елдегі үнділердің қарасы ел тұрғындарының санына шаққанда 15 пайыздан аспауы тиіс. Ал бүгінгі таңда Кувейттегі үнділердің қарасы ел тұрғындарының санына шаққанда шамамен 30 пайызды құрап отыр. Тәжді тажал пандемиясы мен карантиндік шаралардың кесірінен әрі мұнай бағасының құлдырауынан табысы мұнай шикізатына тәуелді елдің экономикасы сыр бере бастады. Бұл жайт өз кезегінде кувейттіктерді жұмыспен қамту секілді мәселені күн тәртібіне шығарды. Осыған байланысты осы елдегі шетелдік гастрабайтерлер арасында саны жағынан бірінші орында тұрған үнділердің  қарасын азайтпақ. Кувейт аумағында бүгінгі таңда тұрып жатқан тұрғындардың тек 30 пайызы ғана аталған елдің азаматтары. Қалған 70 пайызы шетелдіктер – 3,4 млн адам. Kuwait Times мерзімді басылымы хабарлағандай, Кувейт парламентінің спикері Марзук әл-Ганем негізінен тек хат танып, жазу жаза алатын немесе мүлдем сауатсыздарды алдымен елден кетіретінін мәлімдеген. Ал өткен айда Кувейт премьер-министрі Сабах әл-Халид ас-Сабах елдегі экспатрианттар (мигранттар) қарасы 70 пайыздан 30 пайызға дейін кемітуге уәде еткен болатын. Шетелдік жалдамалы жұмысшыларды қырына ілетін аталмыш заң жобасының нақты қашан қолданысқа енетіні белгісіз. Десе де биыл, яғни, 2020 жылдың қараша айына белгіленген парламент сайлауына дейін қолданысқа еніп қалуы мүмкін. Пандемияға байланысты әлем елдері етек-жеңін жинай бастады. Парсы шығанағы елдері арасынан Кувейт алдымен қымтана бастады. Өйткені, экономикасы мұнай шикізатына тәуелділігі жағынан әлемде көш басынан көрінген ел. Ұлттық табысының 80 пайыздан астамы мұнай шикізаты экспортынан түскен табыстан құралады.

0 пікір
Мұрағат