АҚШ-тың ықпалына түсіп, ығында кеткен ел
АҚШ-тың ықпалына түсіп, ығында кеткен ел
6 жыл бұрын 4680 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Таяу Шығыс аймағындағы аса ірі ел саналатын Саудияның саяси бағыт-бағдары өзгеріп, ықпалы кеми бастады. Мұнайдың мол қорына ие болғанына қарамастан. Саудияның мұндай күйге түсуі ең алдымен Саудияның қазіргі тақ мұрагері (қазіргі дейтініміз, тақ мұрагері ауысуы мүмкін дейтін ақпарат әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрініс беріп қалып жүр кейінгі кезде) Мұхаммед бен Салманның алдына қойған мақсатымe әрі саяси жүрістерімен байланысты. Тарқатып айтқанда, тақ мұрагері Саудияны мұнай шикізатына тәуелділіктен құтқаруды алдына мақсат етіп қойған болатын. Яғни, ел экономикасын әртараптандыруға күш салып отыр. Бұл бағытта бірқатар әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізіп жатқанын білесіздер. Десе де түріктердің "Анадолы" ақпарат агенттігі таратқа хабарына сүйеніп, кезінде жазғанымыздай, Саудия билігі экономиканы диверсификациялау үшін өндірісті емес, ойын-сауық индустриясына ден қойғанын, бұл қадамның алысқа апармайтынын айтып өткенбіз. Яғни, туризмді, ойын-сауық инфрақұрылымына қаржы шашқанын сынаған болатын түріктер. Бұдан бөлек, іргесіндегі Йемендегі соғысқа араласып, бар ресурсын тауысуға жақын қалғанын да жазған еді, Бұл өз алдына бөлек тақырып болғандықтан, біз Саудиядағы қазіргі ахуалға бірден тоқталуды жөн көріп отырмыз. Аталмыш елдегі жұмыссыздық 12%-дан асып кеткен, бұл елдегі жұмыс істейтіндердің шамамен 70%-ы мемлекеттік қызметтегілер. Яғни, бюджетке күні қарағандар құрап отыр. Ел қазынасына салмақ салып отыр. Саудияның еңбек және әлеуметтік даму министрлігі мәлім еткендей, 2022 жылға дейін ел аумағында 1,2 млн жұмыс орны ашылуы тиіс. Десе де елде маман тапшылығы мен тәжірибе жоқтықтан, мұнай мен мұнай-химия саласынан өзге салаларда шетелдіктердің көмегінсіз аттап қия баса алмайды. Экономиканы әртараптандыру үшін саудиялықтар маман тапшылығынан, амал жоқ, шетелдіктермен көп мәміле жасасуына тура келіп отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік инвестиция қоры АМС-пен ынтымақтасуға мәжбүр елде кинотеатрларды ашу үшін, өйткені, АМС бұл салада үлкен жетістікке жеткен. Саудия билігі техникалық мүмкіндігі шамалы болғандықтан Snap және Amazon компанияларымен келісім-шартқа отырды. Бұдан бөлек, елдің бюрократиялық аппараты да АҚШ-тың басқару тәжірибесіне сүйенеді: 1950-ші жылдардан бастап саудиялықтар америкалық кеңесшілерді жалдай бастады, соңғы жылдары McKinsey, Boston Consulting Group және Oliver Wyman компанияларымен қаржысын бөлісуге тура келіп отыр - жүздеген жобаны жүзеге асыру үшін. оларсыз мемлекеттік бағдарламаларды орындай алмасы анық. Аталған елдің мемлекеттік инвестициялық қоры (250 млрд долларға бағаланған) АҚШ экономикасымен тығыз байланысты. Аталмыш қор 2016 жылы Uber-ге 3,5 млрд доллар, биыл Magic Leap стартапына бір жарым миллиардқа тарта қаржы құйған, Саудмя аумағында америкалық технологияны енгізумен айналысатын Vision Vision от SoftBank-ке 45 млрд долларын берген еді. Сондай-ақ, Blackstone қорына 20 млрд долларын санап беруіне тура келді. Осылайша тақ мұрагері технологиялық портфел арқылы өз репутациясын сақтап қалғысы келеді. Алайда, оның бұл қадамы өз басына қатер болып төніп тұр. Егер Саудия мен АҚШ арасына сына қағылатын болса, тақ мұрагері титулынан айырылуы ғажап емес. Оның осы осал тұсын пайдаланған америкалықтар Саудия билігіне қысымды күшейтіп отыр. Саудия бұрынғыдай емес, қазір мұнай нарығында жаңа ойыншылар пайда болғандықтан Саудияның ықпалы бұрынғыдай жүре бермейді. Қаласа, мұнай өндірісін арттырып немесе кемітіп, саяси мақсатына жете алмайды. Айналып келгенде, Саудияға қарағанда АҚШ-та мұнай көп өндіріледі. Саудия билігі АҚШ ықпалында болғанымен Саудия қоғамы америкалықтарға қатты наразы. Бұл фактор да монархиялық билікке қатер төндіреді. Саудия бастаған бірқатар араб елі (Мысыр, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірлігі, т.б.) байкот жариялаған Катарда америкалықтардың және өзге елдердің әскери базасы барын ескерген жөн. Бұдан бөлек, Израил-Палестина дағдарысын шешуде Саудияның рөлі жоғары. Мұны америкалықтар израилдіктердің пайдасына шешу үшін саудиялық билікк қысым көрсетері сөзсіз. 

0 пікір
Мұрағат