АҚШ-ТЫҢ АЗИЯҒА БЕТБҰРЫСЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?
АҚШ-ТЫҢ АЗИЯҒА БЕТБҰРЫСЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?
9 жыл бұрын 2833 aikyn.kz Кәмшат Тасболатова

Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары Қытайда өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық экономикалық форумының мән-маңызын, астары мен мақсат-мұратын жарыса жазып жатқанда, кейбір шетелдік сарапшылар бұл жобаның АҚШ-тың «Азияға бетбұрыс» концепциясына қарсы берілген жауап деп бағалап отыр. Шынында да, Қытайдың бастамасымен әлемдік Ішкі жалпы өнімнің 55 пайызын, дүниежүзі халықтарының 70 пайызын және өндірілген энергоресурстардың 75 пайызын қамтитын бұл мегажоба Барак Обаманың тұсында толықтай тоқырауға ұшыраған АҚШ-тың Азияға бетбұрысының қайта жандануына түрткі болмай ма?

         Жаңа ғасырда байырғы Жібек жолы экономикалық белдеуін қайта жандандыруды мақсат тұтқан қытай бастамасынан әсіресе, көршілес Ресейдің күтері көп. Бұл да түсінікті. Экономикалық санкциялардан әбден құты қашқан елдің бұл тығырақтан шығу жолын қарастырып жатқаны белгілі. Ресейлік БАҚ-тарға сенсек, бұл жобаға қатысу арқылы мемлекет үлкен пайдаға кенеледі. Біріншіден, бұл ресейлік көлік жүйесіне Еуразиялық аймақтың көлік-логистикалық жүйесіне жақындауына әсер етеді. Екіншіден, көршілес елдердің өндірістік кооперациялар құрып, оның күшеюіне түрткі болады. Яғни, жаңа экономикалық өндірістік кластерлер пайда болуы мүмкін. Үшіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ пен жаңа жоба Үлкен Еуразиядағы ынтымақтастық жобасының негізіне айналуы мүмкін. Өз кезегінде бұл жоба жаһандық деңгейдегі экономикалық дамудың орталығына айналуы әбден ықтимал.

«Бір белдеу, бір жол» жобасының барлық мемлекет, халықаралық және өңірлік ұйымдардың бәріне ашық екенін ресми Бейжің растап отыр. Қытай басшысы Си Цзиньпин бұл бастаманы қолдауға шақырады. Сарапшылар да «Қытайдың экономикалық мүдделерін қанағаттандырмай оны тоқтату мүмкін емес» дегенді алға тартады.

Шетелдік сарапшылардың ойынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың Азияға стратегиялық мақсаттар тұрғысынан қайта бетбұрыс жасауына халықаралық жағдайдың өзі себепкер болуы мүмкін. Кезінде «Вашингтон пост» басылымы Трамптың маңайында Азия елдерімен жұмыс тәжірибесі бар мықты мамандардың қалыптаса қоймағанына өкініш білдіре отырып, әйтсе де бұл аймақтың алдағы төрт жылда билік құратын азаматтар үшін үлкен маңызға ие екенін келтірген еді. Азияға бетбұрыс Ресеймен арадағы қарым-қатынастың да жақсаруына әкеп соғуы мүмкін.

Әрине, Барак Обаманың тұсында бұл жобаның сәтті жүзеге асатыны болжанған еді. Бірақ үміттер ақталмады, ал ұзақ жылдардан бері көтеріліп, жүзеге толықтай аса алмай жатқан концепцияның орнына Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы дүниеге келді. Сарапшылардың ойынша, егер де Трамптың жақтастары өз жоспарын жүзеге асыра алса, онда Обама тұсында басталған Азиямен жақындасу бастамасы қайта жандануы мүмкін.

0 пікір
Мұрағат