АҚШ-ты арқаланған Израил арандап қалды
|
АҚШ-тың талай жылға созылған ары тарт та, бері тарт келіссөздерден өзі әзер қол жеткізілген Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәміледен барлық төккен терді зая етіп шыққаннан кейін Иран билігі уранды байытуға толық кірісетінін жария етті. Аятолла Хаменейдің пәрменімен. АҚШ-тың халықаралық нормалар мен дипломатияны белінен басқан шалт қимылынан Иранның да төзімі таусылып, ендігі жерде өзектілігін жоғалтқан ядролық мәмілеге қолын бір-ақ сілтеді. Израилдің ата жауына айналған ирандықтардың бұл қадамы Израил билігінің түн ұйқысын қашырып, мазасын алуда. Таяқтың екі ұшы барын ескермеген қандай жаман. Өзі сеніп келген АҚШ-тың жаңсақ қадамы осылайша Изриалдің өзіне соққы болып тиюде. 2015 жылғы келісімде қарастырылған талаптарға сәйкес Иран ядролық қаруға қажетті деңгейге жеткізбей уран байытуға құқылы болатын. Яғни, бейбіт мақсатта - ядролық электр стансаларына жететін деңгейде. Аятолла Хаменейдің уранды байыту жөніндегі пәрменінен кейін Изарил премьер-министрі Биньямину Нетаниягу шұғыл Еуропаға сапар шегіп, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Германия канцлері Ангела Меркелмен ортақ тіл табыса алмады. Изриал премьері еуропалық әріптестерін Иранмен ынтымақтасудан бас тартуға көндіргісі келгенімен бұл талпынысынан ештеңе шықпады. Израил премьерінің есебі (асырып айтуы да мүмкін) бойынша Иран алдағы 8-10 жыл ішінде 200 данаға дейін ядролық бомба жасап шығаруы әбден мүмкін. Ал Еуроодаққа келсек, бұл жолы бұрынғыдай қатты шүйлікпей, Иранның уранды байыту жөніндегі шешімін бар-жоғы екі тараптың арасындағы сенімге селкеу түсіретінін мәлімдеп қана жылы жауып қойды.