АҚШ Саудияға санкция салуы мүмкін бе
|
Қару-жарақ саудасы айналымы бойынша ең ірі үштік саудаға енеді. Адам және есірткі саудасымен қатар. Яғни, аталған сауда түрлерінен түсетін пайда шаш-етектен: бірнеше жүздеген млрд долларға бағаланады. Әр жылдары әрқалай. Қару-жарақ саудасы бойынша АҚШ-тың алдына түскен ел жоқ әлемде. Көбінесе АҚШ-тың қару-жарағын одақтастары сатып алады. Солардың ішінде Сауд Арабиясы да бар. АҚШ-тың Таяу Шығыстағы Израилден кейінгі жақын одақтасы саналатын Саудия әрбірден соң АҚШ-тың ең ірі, тіпті, айтар едік, нөмірі бірінші қару-жарақ импорттаушысы деп. Мәселен, 2015 жылы АҚШ қорғаныс өнеркәсібі 46 млрд долларға қару-жарақ экспорттаған екен. Соның ішінде Саудияның үлесі - 10 млрд доллардан асып түскен. Әсіресе, билік басына бизнес әлемінен Дональд Трамп келгелі бері Саудияға экспортталатын АҚШ-тың қару-жарақ саудасы қарқын алып тұр. Алдағы он жыл ішінде 350 млрд долларға қару-арақ сататыны жөнінде келісімге келді. Дональд Трамптың президент болып сайлана салысымен ең алғашқы сапарын Саудиядан бастағаны естеріңізде шығар: сол сапарында 109,7 млрд. доллардың келісім-шартына отырып қайтты. Яғни, осынша мол қаржыға қару-жарақ сататын болып келісіп қайтты. Аталған елге. Солардың ішінде танкке қарсы TOW 2B зымыран кешені, 115 тікұшақ, әскери техникаларға арналған қосалқы бөлшектер, т.б. Десе де соңғы уақытта Ресейдің С-400 зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне ие болуға мүдделі елдердің қарасы көбейіп келеді. Мәселен, Солтүстік Атлант әскери альянсы құрамындағыТүркияның аталған зымыранға қарсы кешенді сатып алу жөніндегі мәміле Ресейге қырын қарайтын батыс елдерінің, соның ішінде АҚШ билігінің түн ұйқысын қашырды. Бұл тараптағы саяси дау-дамай төңірегінде кезінде кеңінен жазған болатынбыз. Сол себепті, осы қаруға байланысты Түркия басындағы жағдайға тоқталып жатпаймыз. Жуырда ғана Қытай да Ресейдің С-400 зымыранға қарсы қорғаныс кешенін сатып алу жөнінде келесім-шартқа қолын қойды. Осыған байланысты АҚШ Қытайға санкция салып отыр. Ал Таяу Шығыстағы ең жақын одақтасы әрі АҚШ-тың әскери техникаларын ең ірі тұтынушысы Саудияның орыстардың аталған зымыранға қарсы кешенін сатып алғысы келетінін білдірді. Бұл жағдайда АҚШ Саудияға санкция салуы мүмкін бе? АҚШ-тың геосаясаттағы ең ірі бәсекелесі саналатын Қытайға немесе НАТО құрамында болғанымен батыс елдерінің қас-қабағына қарамай барынша дердес саясат жүргізуге көшкен Түркияға қарағанда Саудияның жөні басқа. Десе де нарық өз заңын жүргізеді. Қай елдің қаруы тиімді? Соны сатып алады? Бұдан бөлек, әр ел ең алдымен одақтасының емес, өзінің қауіпсіздігін ойлайды. Қару-жарақ саудасы - тек ұшан теңіз пайданың көзі ғана емес, сонымен қатар, геосаяттағы ең ықпалды құралдардың бірі. Алайда, АҚШ Саудияға аталған қаруға қатысты мәміле үшін санкция салмауы да мүмкін. Саудияның Ресейдің әлемге әйгілі зымыранға қарсы кешенін сатып алуға терроризмге дем берді деп өздері айыптап отырған, блокадада қалып қойған Катардың да ресейліктердің осы қару жүйесіне сатып алуға мүдделілік танытып отырғаны итермелеуде. Катардың аталған қару кешенін сатып алуға ден қойғаны АҚШ-тың да мазасын қашыруда. Бұл бағытта АҚШ Саудиямен бірге. Осыны әрі АҚШ-тың Таяу Шығыс аймағындағы ықпалыни сақтауда Саудияның орнын ескерген сарапшылар АҚШ-тың Саудияға аталған қару кешенін сатып алған жағдайда санкция салмауы мүмкін екенін еткізіп отыр.