АҚШ Қытайға мұсылмандарды мәжбүрлеп еңбекке жегуге байланысты жаңа санкциялар салады
|
Америка құрама штаттарының ішкі қауіпсіздік министрлігі Қытайдан кейбір санаттағы тауарларды импорттауды тоқтатуы мүмкін екенін, себебі, олардың өз өндірісінде мұсылмандардың мәжбүрлі еңбегін пайдаланатынын хабарлады. Бұл жайында islam.kz порталы Associated Press ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, бұл арада ұйғыр тұтқындарының еңбегі пайдаланылатын Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында өндірілген қытайлық болат пен тәттілендіргіштерді әкелуге тыйым салу турасында сөз болып отыр. АҚШ санкциясы қытайдың болат өндіретіндер мен тәттілендіргіш аспартамға алғаш салынып отырғанын айта кетпекпіз. АҚШ-тың аталған департамент жетекшісі Роберт Силберс америкалықтардың адам құқығын сақтауға немқұрайды қарамайтынын мәлімдеді. Қытайға қарсы жаңа санкция 2021 жылы Ақ үй қожайыны Жо Байденнің тікелей пәрменімен қабылданған федералды заңның аясында салынды. Аталмыш заңда Қытайдың шығысын мекендейтін түркі халықтарының еңбегін мәжбүрлі түрде пайдалану арқылы алынған өнімдерді тұтынуға тыйым салынған. Батыс құқық қорғаушылары Қытай билігін ұйғырларға қарсы репрессиялық саясатын қатаң айыптап келеді.