АҚШ пен Ресейдің ықтимал соғыс ошағы қайда және екі елдің соғыс барысы қалай өрбиді және қанша уақытқа созылады
|
Ресей Федерациясы мен Америка Құрама Штаттары арасында кез келген саяси келіспеушіліктен немесе басқалай себеппен соғыс өрті тұтана қалған жағдайда көп ұзамай ахуал құтыдан еркіндікке шыққан жын сияқты бақылауға көнбей, бағынбай кетеді. Мұның арты ядролық қаруды қолдануға дейін апарып соқтырады. Ядролық қару қолданған соң қаласаң да, қаламасаң да, соғыс тез тоқтайтын болады. Бұл жайында РФ қорғаныс министрінің халықаралық келісім-шарт басқармасының бұрынғы жетекшісі, генерал-лейтенант Евгений Бужинский мәлім етті. The National Interest ақпарат көзінің таратқан хабарына қарағанда, кәнігі әскери сарапшы РФ мен АҚШ арасындағы соғысты қадағалап, дер кезінде тоқтатудың мүмкін еместігін алға тартып отыр. Сол себепті, мұндай тактикаға алданып, соғыс қатерінен барынша қашық болуға үндеп отыр генерал-лейтенант. Яғни, соғысқа жол бермеудің барлық амалын қарастыру қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, соғысқа тартылған жағдайда екі елдің экономикалық қуатындағы айырмашылық соғысқа өз ықпалын жүргізе алмайды. "Бес пайыз ба, екі пайыз ба, үш пайыз ба - мұның барлығының еш мәні қалмайды. Бәрі соғыспен аяқталса, онда ол ең қысқа соғыс болады",- деп мәлімдеді ол. Сондай-ақ, ол АҚШ пен РФ арасындағы ықтимал соғыс ошағы қайда жатқанын тілге тиек етті. Оның сөзіне қарағанда, соғыс өртінен қалған шала әлі толық сөндірілмеген Шам жеріндегі немесе Украинадағы екі елдің қақтығысы АҚШ пен РФ арасындағы тікелей соғысқа жол ашуы мүмкін.