АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысынан әлемде экономикалық дағдарыс орын алуы мүмкін бе
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысынан әлемде экономикалық дағдарыс орын алуы мүмкін бе
7 жыл бұрын 3743 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Экономика саласы бойынша Нобел сыйлығының лауреаты Роберт Шиллер басталғанына көп уақыт өте қоймаған екі алып державаның арасындағы сауда соғысына байланысты әлемде экономикалық дағдарыс орын алуы мүмкін екенін мәлімдеді. АҚШ билігінің пәрменімен қытай тауарларына салықты өкіртіп салуынан алдымен америкалық бизнес зардап шегеді. Өйткені, қытайлық жабдықтаушылардың қарасы кемитіндіктен америкалық кәсіпкерлер көп нәрсені басынан қайта бастауына тура келеді. Бұл өз кезегінде уақыт пен қаржылық шығынды талап етеді. Сөз орайы келгенде сауда соғысынан ешбір тарап жеңіске жетпейді. Тек экономикалық мүдделері зардап шеккеннен ешбір пайдасы жоқ. Экономист ғалым осылай дей келе бизнес тек тарифті енгізуден ғана шығынға батып қоймай, сонымен қатар, инвестиция мөлшері айтарлықтай кемиді. Бұл екі ел арасындағы сауда соғысының арты рецессияға ұласпақ. Сарабдал сарапшының пікірі осындай. Естеріңізге тағы бір мәрте сала кеткенді жөн көріп отырмыз, Ақ үй қожайыны Дональд Трамп қытай тауарларына, соның ішінде, болатқа 25 пайыз, ал қалайыға 10 пайыз баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойған еді. Аталған жарлық наурыз айының 23-і күні күшіне енді. Бұдан қытай тарапы 60 млрд доллар шығын көрмек. Қытай билігі де қарап қалмайтынын, қарымта жауап қайтаратынын мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, америкалық ауыл шаруашылық өнімдеріне, соның ішінде, сояға, доңызға, т.б. салық енгізетінін жеткізді. Сөз соңында Роберт Шиллер туралы кеңірек тоқтала кетсек, ол Йель университетінде дәріс береді 2013 жылы «актив бағасына эмпирикалық талдау» жүргізгені үшін әлемге әйгілі сыйлықты иеленген болатын. Оның бұл еңбегі нарықтағы ұзақ мерзімді трендтерді анықтаудағы маңызды компоненттер саналады.

0 пікір
Мұрағат