АҚШ билігі тәліптерді мойындай бастады
|
Естеріңізде болса, тәліптер қозғалысының соңғы уақыттағы саяси жүрістері туралы, тәліптер қозғалысы төңірегінде болып жатқан оқиғалар жөнінде бір емес, бірнеше рет хабар таратқан болатынбыз. Өздерінің саяси әрі басқалай мүддесі үшін әлемнің алдыңғы қатарлы державаларында террористік ұйым ретінде танылған тәліптердің жергілікті халық үшін ұлтты азат ететін партизандық қозғалысқа айналғанын да жазған едік. Тіпті, таяуда ауған президенті Ашраф Ғанидің тәліптер қозғалысын саяси партия ретінде мойындауға шақырғанын да, тәліптердің АҚШ билігін бейбіт келіссөзге шақырғанын да хабарлаған болатынбыз. Терроризмді желеу етіп, ауған жерінен кетпей отырған америкалықтардың жүрісінен жаңылып, тәліптер қозғалысының бейбіт келіссөзге шақырғанын құп алғанын сарапшылар АҚШ билігінің талай жылға созылған ауған жеріндегі әскери операцияларының сәтсіз аяқталғанын мойындағанымен байланыстырып отыр. Иә, АҚШ билігі тәліптермен бейбіт келіссөз жүргізуге келісімін беріп отыр. Бұл жайында Пентагон жетекшісі Джеймс Мэттистің өзі Ауғанстанға жасаған сапарында жария етті. Бұл келіссөз түбі бір болатыны белгілі еді. Бұл тек уақыт еншісіндегі мәселе-тұғын. АҚШ билігі мен тәліптер қозғалысының арасындағы келіссөз мерзімі әлі нақтыланған жоқ. Келіссөз арнайы уақыт кестесінсіз де жүргізілуі мүмкін. АҚШ-тың жеңілісінен хабар беретін Ақ үйдің бұл қадамын жақсылыққа балап отырған сарапшылар келіссөзден нәтиже шығатынына да үмітпен қарайды.