АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығаруды тағы күн тәртібіне қойды
|
АҚШ-тың қорғаныс министрлігі Ауғанстаннан әскерін толық шығару мәселесін тағы көтерді. Бұл жайында Ақ үй қожайыны Дональд Трамп Ауғанстандағы америкалық әскер мен НАТО операцияларына өзі бас қолбасшы етіп тағайындаған генерал-лейтенант Остин Миллер АҚШ конгресінде өткен қарулы күштер ісі жөніндегі сенат комитетінде мәлім етті. Ол табаны күректей 17 жылға созылған ауған жеріндегі америкалық әскерилердің операциясының ойдағыдай нәтижеге жеткізбегенін мәлімдеді, алайда, сонымен қатар, бұл мәселеде асықпау керектігі, ағат шешімге жол бермеу қажеттігін алға тартты. Өйткені, Ауғанстаннан әскер шығару АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін ескерткендей болды. Генерал-лейтенанттың бұл сөзімен нені меңзегенін өздеріңіз де байқаған шығарсыздар. Кезінде Ауғанстандағы АҚШ контингентінің нақты мақсат-мүддесі туралы біршама тарқатып айтқан болатынбыз. Естеріңізге сала кетсек, Еуроазия құрлығындағы Қытай мен Ресейдің ықпалын әрі Иран факторын барынша әлсірету үшін қыруар қаржысын шығындап, ауған жерінен кетпей отырғанын әрі бұдан бөлек есірткі бизнесіне қатысы барын жазған болатынбыз.
Қазіргі уақытта ауған жерінде 16 мыңдай америкалық сарбаз бар.