Аптаптан қажыған арабтар
Аптаптан қажыған арабтар
4 ай бұрын 616 24.kz Рауан Мыңбай

Шығанақтағы елде ми қайнатар ыстық, деп хабарлады 24.kz 

Сынап бағанасы күндіз де, түнде де 45 градустан түспейді. Оған тағы теңізден көтерілетін ылғалды қосыңыз. Араб түбегіндегі ауа райына жергілікті жұрт та төзе алмайды. Соның әсерінен көшті салқын жаққа бұрады. Осы күні арабтың бай-бағландары шекара асып, сая іздеп кеткен. Бірі Кавказ, Балқан, енді бірі Орталық Азияның таулы аймақтарын бетке алған.

Кейінгі жылдары араб түбегінде тосын табиғи құбылыстар жиілеп, қалыпты климат өзгере бастады. Былтыр нөсер Дубай көшелерін көлкітсе, биыл жаз басталысымен іргедегі Әл Айн шаһарына бұршақ жауды. Мұндайды жергілікті жұрт бұрын-соңды естіп-көрмеген.

Десе де шілде-тамыз айында орнайтын аптаптың жөні бөлек. Осындай ми қайнатар ыстықта тіршілік бір сәтке саябырсып, шетелдік саяхатшы түгіл, қала халқының қарасы сирейді. Туризм секторы тұралайды. Арабтардың дені шетел асып, салқын тау бөктерін саялайды.

Омар Әлхамди, кәсіпкер: - Таяу арада Алматыға баруды жоспарлап отырмын. Ол жақтың климаты қолайлы деп естідім. Салқын. Жаңбыр жиі жауады. Дубай арабтарының көбі осыны біліп, жаз айларында сіздер жаққа сапар шеккісі келеді. Қазақ халқы қонақжай екенін де естіп-біліп отырмыз.

Туризм - Дубай мен Абу Даби үшін бюджет бүйірін толықтыратын негізгі сала. Мұнай өндірісіне тәуелділік айтарлықтай төмен. Сондықтан саяхатшы санының кемуі маусымдық мәселе болғанымен, оған мемлекет бей-жай қарап отырған жоқ. Экономикалық түсім қайта қалпына келгенше бизнеске салықтық жеңілдік жасап, қонақүйлердің қаңырап бос қалмауын бақылауға алған.

Юсеф Хаммодей, туриcтік және инвестициялық компания жетекшісі: - Дубайдың туризм саласы мемлекеттік тұрғыда бақыланады. Біркелкі жүйемен жұмыс істейді. Қысы-жазы белгілі бір белсенділік бар. Аптапқа қарамастан, саяхаттап жүрген азды-көпті жұртты кездестіресіз. Менің ойымша, жаз айларында кемитін туристік ағын күз, қыс мезгілінде қалпына келіп қана қоймай, еселеп артады. Шығанақ жеріне саяхаттаушылар қарасы жылда көбейіп жатыр.

Ыстық климатқа үйренген жұрт мәселенің шешімін тапқандай. Себебі туризмге байланған тыныс-тіршілігінен ешбірі қол үзіп қалғысы жоқ. Ал аптаптан қашып, салқын аймақтарға сая іздеп кеткендер қыркүйек, қарашада елге орала бастайды. Бұл - жылда қайталанатын жағдай. Тек бағыт-бағдар өзгеріп тұрады. Биыл арабтардың дені Кавказ, Балқан және Орталық Азияның таулы өңірлеріне бет бұрған. Соның ішінде Қазақстанға бағыт алғандары да жетерлік. Мұның өз кезегінде туризмді тұрақты табыс көзі көретін біздің ел үшін берері мол.   

Бір ерекшелігі, тап осы жаз айларында әмірліктерде кез келген қызмет құны арзандайды. Келім-кетім адам аз болғандықтан, кәсіп иелері мәжбүрлі қадамға барады. Кейін туристік маусым қызған шақта пайдасын екі еселейді. Айталық, пәтер жалдау ақысы қазір бір айға орташа есеппен 1000-1500 доллар шамасында болса, қаңтар-ақпанға қарай оның мөлшері 3 мыңға жетіп жығылады. 

Рауан Мыңбай, 24KZ 

0 пікір
Мұрағат