Ангела Меркельге хиджаб кигізген телеарна даудың ортасында қалды
|
Немістің ARD телеарнасы Германия канцлері Ангела Меркельге хиджаб кигіземін деп, басы бәлеге қалды.
Телеарна қызметкерлері Меркельдің хиджаб киген фотоколлажын мешіт мұнаралары бейнеленген фонға қойып, «Берлиннен репортаж» бағдарламасында көрсеткен.
Бағдарламаның сюжеті Сириядан қашқан босқындарға квота бөлу мәселесіне арналыпты. Телекөрермендер бағдарламаны сынға алып, фотоколлаждағы Меркельдің фотосы исламға қарсы Pegida қозғалысы өз акцияларында пайдаланып жүрген сурет екенін айтады.
Телеарна басшылығы Pegida қозғалысына ешқандай қатысы жоқ екенін, фотоколлаж тек қоғамда белең алған босқындар мәселесіне халықтың назарын аудару үшін әзірленгенін айтады.
Дегенмен, ел тұрғындары ARD телеарнасын халықты исламға қарсы қою үшін осындай әрекетке барды деп айыптап отыр. Германия канцлері Ангеля Меркельдің Таяу Шығыс пен Африкадан ауған босқындарға баспана беруге қатысты көші-қон саясатына ел тұрғындары наразылықтарын ашық білдірді.