Anadolu: Бір елдің өзінде ғана 2 мыңға тарта адам өмір бойы бас бостандығынан айырылған
|
2016 жылы әлемді жұртшылығын елең еткізген Түркиядағы мемлекеттік әскери төңкерістің сәтсіздікпен аяқталғанын білесіздер. Түріктердің Anadolu ақпарат көзінің таратқан хабары мен келтірген дерегіне қарағанда, аталмыш ел тұрғындарының бірталайы осы төңкеріске байланысты істі болып, соның ішінде екі мыңға таяу адамға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, 978 адам аталған елдің сот үкімімен өмір бойы бас бостандығынан айырылса, 956 адам қалған ғұмырын қатаң режимде жазасын өтейтін болады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, қазіргі ел президенті Режеп Тайып Ердоған 2002 жылы тыйым салынған өлім жазасын қайта қолданысқа енгізуге күш салған болатын. Алайда, бұл әрекеті халықаралық құқық қорғаушылар мен батыс елдері тарапынан қатаң сынға ұшырап, сәтсіз аяқталған еді. Осыған байланысты аталған елде қатаң режимдегі жаза өлім жазасының орнын алмастырады.