|
Әмірлікте бірге тұру туралы заң қабылданды
|
Біріккен Араб Әмірлігінің вице-президенті, премьер-министрі және Дубай әміршісі, шейх Мұхаммед бен Рашид әл Мақтұм елдегі бірге тұруды реттеу туралы 2026 жылғы № 4 заңға қол қойды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Economy Middle East ақпарат көзіне жөн сілтеген BUSINESS EMIRATES агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш құжатта қарастырылған талаптар меен міндеттемелер жекеменшік және еркін аймақтарға, меншік иелері мен жалға алушыларға қолданылады. Заң азаматтардың құқықтарын қорғауға, халықтың шамадан тыс қоныстануына жол бермеуге және жылжымайтын мүлік нарығының тұрақтылығын қолдауға бағытталған. Дубай муниципалитеті толтырылу лимиттерін, бір адамға арналған алаңға және жалпы аймақтарға қойылатын талаптарды белгілейді, рұқсат етілген аудандарды айқындайды және рұқсат беру үшін бірыңғай цифрлық платформаны басқарады. Жер департаменті (DLD) электрондық тізілім жүргізеді, шарттардың үлгілерін бекітеді және жалдау мөлшерлемелерінің индикаторын үнемі жаңартып отырады. Бірге тұруға рұқсат алу міндетті: онсыз тұрғындарды орналастыруға тыйым салынады. Құжат ұзарту мүмкіндігімен бір жыл, иесінің арнайы өтініші бойынша екі жылға дейін қолданылады. Тұрғын үйді тек меншік иелері немесе уәкілетті компаниялар ғана бере алады, ал жалға алушылар тарапынан қосалқы жалдауға тыйым салынады. Үй-жайлар құрылыс, тазалық талааптарына және өрт қауіпсіздігіне сәйкес болуы тиіс. Заң талаптарын елемегендерге 500 дирхамнан 500 мыңға дейін айыппұл салу қарастырылған, ал бір жыл ішінде қайталап заң бұзған жағдайда бұл сома екі еселеніп, 1 млн дирхамға дейін жетеді. Билік қосымша қызметті жарты жылға тоқтата алады, лицензияның күшін жоя алады, коммуналдық қызметтерді өшіре алады немесе көшіруді талап ете алады. Кез келген келіспеушіліктерді тек Дубайдың жалдау даулары жөніндегі орталығы ғана қарайды. Қолданыстағы операторларға қызметті жаңа заңға сәйкес келтіруге бір жыл уақыт берілді. Құжат Ресми жаршыда жарияланғаннан кейін 180 күннен соң күшіне енеді.