Алланың үйін шынжыр табан трактормен сүріп тастады
|
Түркіменстан астанасында ел билігінің пәрменімен тағы бір мешіт сүріліп тасталды. Тағы бір мешіт дейтініміз, бұл соңғы жылдары сүрілген осымен жетінші мешіт болды. Оның орнына осы заманғы ғимарат тұрғызылатын болды. Тарқатып айтқанда, осыдан 23 жыл бұрын Ашхабад тұрғындарының жылуынан жиналған қаражатпен салынған, 100 адамға шақталған бұл мешіт «Ақса» деп аталатын еді. Алланың жердегі үйін сүру жұмыстары қарадүрсін жүргізілген: былайша айтқанда, мешітке деген құрметтің ұшқыны да байқалмаған. Әдетте мешіттің әр кірпішін алып, сүретін еді. Бұл жайында «CA-News» ақпарат көзі хабар таратты. Қайта діни әдебиеттер мен жайнамаздарды, кілемді, желдеткіш құрылғысын (кондиционер), басқа да діни заттар мен бұйымдарды қаладағы өзге мешітке көшіріп үлгерді. Ал ішінде қалып қойған шкаф, орындық және өзге де жиһаздар үйіндінің астында қалды.