Әлі дүниеге келмеген шарананың обалы кімге?
|
Жувейрия Халид есімді Нью-Йорк тұрғыны Macy’s сауда орталығының тұрақты тұтынушысы болатын. Тауарлар арзандатылған сәтті құр жібермейтін. Осы әдетпен аталмыш сауда орталығынан білезік пен жүзік таңдайды. Содан соң, 2 жастағы және он айлық балаларына қажетті заттарды алу үшін балаларға арналған тауарлар сатылатын бөлімге бет алады. Бірақ есептесу үшін ол білезік пен жүзікті әмиянына салып қояды. Міне, осы әрекеті өзіне бәле болып жабысады. Оны сауда орталығының қызметкерлері тоқтатып, сол жердегі абақтыға қамап тастайды. Ол ол ма, күйеуінің шалған телефон қоңырауына жауап беруіне де мұрша бермейді. Аяғы ауыр келіншектің пластикалық картасынан сол жерден 500 доллар айыппұл өндіріп алады. Ең сорақысы, басындағы шариғат шәлісін шештіріп, өзін шешіндіріп, үсті-басын түгел тінтеді.
Соңында Нью-Йорк соты оны ақтап шығарады. Бірақ, ол сауда орталығының ұрда-жық қызметкерлерінің кесірінен түсік тастап, құрсағындағы үш айлық шаранадан айырылып қалады.