Әлемнің екінші экономикасы Ауғанстанды сауда салығынан босатады
Әлемнің екінші экономикасы Ауғанстанды сауда салығынан босатады
28 күн бұрын 724 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Ауғанстандағы Қытай елшісі ауғандарды өз елінің құрылыс, энергетика және тұтыну секторына баж салығынсыз енуіне, дәлірегі, Қытайдың орасан зор құрылыс, энергетика және тұтыну секторларына кедендік баж салығынсыз қол жеткізуді ұсынатынын мәлімдеді. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қытай тарапынан көтерілген мұндай бастама әлемнен оқшауланған, ресурсқа бай Ауғанстанның сыртқы нарыққа шығуына көмектеседі. Ауғанстан минералды ресурстардың мол қорына ие. Ауған аумағындағы лития, мыс және темір кеніші Қытайдың аккумулятор және құрылыс материалдарының өндірісіне қажет. Ресурсты сатудан түсетін табыс экономикасы шатқаяқтаған Ауғанстанның әлеуметтік және экономикалық ахуалын оңалтады. Қытайдың Ауғанстандағы елшісі Шао Син әлеуметтік желідегі ресми парақшасында былай деп жазды: «Қытай Ауғанстанды кедендік баж салығынан 100% босатуды ұйғарып отыр». Ол бұл жазбасында Ауғанстан премьер-министрінің уақытша орынбасары Әбдікәбірмен кездесуінде түскен фотосуретін қоса берді. Қытайдың кедендік статистикасына сәйкес Ауғанстан өткен жылы Қытайға 64 млн доллар тауар экспорттаған, оның 90%-ға жуығы қарағай жаңғағы құраған. Дегенмен, тәліптер Ауған жерінде Қытайдың монополиясына жол бергісі келмейді, дәлірегі, экономиканы әртараптандыруға және минералды ресурстарды игеруге шетелдік инвесторларды табуға әрі тартуға мүдделі. Бұл мүдде, бір жағынан, ауған экономикасын әртараптандырудан, екіншіден, дипломатиялық оқшауда қалған тәліптер билігінің әлем қауымдастығы алдындағы заңдастырылу қажеттілігінен, яғни, саяси күш ретінде танылуына деген қажеттіліктен туындап отыр. Бұдан бөлек, тәліптер Қытпайдың «Бір жол – бір білдеу» ғасырлық жобасына атсалысқысы келеді. Аталмыш жоба Қытай тауарларының өткізу нарығын кеңейту мақсатында қолға алынса да ауғандар осы жоба арқылы да экономикалық интеграциялық саясатын жүзеге асырмақ. Бұған қоса, Кабул Бейжіңнен Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізінің бір бөлігіне айналуға рұқсат сұрап отыр. Жалпы құны 65 млрд доллар тұратын бұл жобаға қатысса, Ауғанстан Араб теңізінің жағалауындағы пәкістандық Гуардар айлағына шығуға мүмкіндік алар еді.

0 пікір
Мұрағат